KZ
Өскемен
+9°
небольшой проливной дождь жел 6 м/с, ОБ
492.14 528.85 5.01

Оқушылар батырлар ерлігімен сусындап, фильм тамашалады – Өскемен

Фото: Автордікі

4.05.2023, 17:58 386

4 мамыр күні Оралхан Бөкей атындағы орталық кітапханада 1941-1945 жылдардағы Отан соғысының батырлары Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова және  Мәншүк Мәметова туралы кино-сабақ өтті.

Батырлар ерлігін оқушылардың санасына сіңіріп, ерлігін дәріптеуге бағытталған сабақ 2-6 мамыр аралығында өтетін «Қазақ тарихи көркем фильмдері  мен кітаптарының апталығы» аясында ұйымдастырылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Кітапхана қызметкерлері оқушыларға батырлар туралы деректер оқып, олардың білімін де тексерді.  

 

Кино-сабақ аясында жеткіншектерге Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы 2002 жылы  Сағатбек Махмұттың режиссерлігімен түсірген «Партизан Қасым Қайсенов немесе жай ғана Вася» деректі фильмінен, 2010 жылы режиссер Қалила Омаров түсірген «Қазақтың Бауыржаны» көркем  фильмінен үзінді көрсетілді.

Оқушылар назарына Қасымбек Қайсенов батыр атасы Қ.Қайсенов туралы естелігін баяндаған «Менің атамның тарихы» атты бейнеролик және 2013 жылы Қазақстан, Ресей, Украина бірлесіп түсірген «Таңдауға құқы жоқ» атты көркем фильмнен үзінді ұсынылды.

Сонымен қатар оқушылар Хиуаз Доспанова туралы «Қазақ қызы – түнгі мыстан» атты қысқаметражды фильмді, «Әлия Молдағұлова» және «Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова – Кеңес Одағының батыры» атты деректі фильмдерді тамашалады.

 

– Біздің кітапхананың аты аталғанда заманауи технология да бірге аталады. Бұрынғы дәуір кетті, қазіргі жастар заманауи технологияға тәуелді. Осы мүмкіншілікті пайдаланып, біздің кітапхана осы уақытқа дейін көптеген технология арқылы өзінің оқырмандарын қуантқан еді. Осы жолы «Казцинк» ЖШС-мен бірлесе отырып, кітапханаға үлкен экран алғызып, өзіміздің кинотеатрымызды аштық. Ашыла салысымен жастарға патриоттық сезім ұялату, отансүйгіштікті сезіндіру үшін осы мерекеге орай қазақ фильмдерінің апталығын ұсынып жатырмыз. Алдағы уақытта бұл жұмысты жалғастырамыз, бұнымен тоқталып қалмаймыз. Оқырманға заманауи технологияны көрсете отырып, олардың дамуына үлес қосу – басты мақсат. Қосымша кітап көрмесі ұйымдастырылған. Ондағы мақсат – ары қарай қызығып, өздерімен бірге кітап алып кетіп оқуға жетелеу. Яғни, заманауи технология арқылы балаларды оқуға үйрету. Апталық ашылғалы бері бос орын болмады деуге болады. Демек, бұл жастарға керек. Біз кинотеатрларға ақша төлеп барамыз, ал бұл жерде тегін білім және кітап көрмесі ұсынылып отыр. Келетіндердің көбі – мектеп оқушылары, студенттер. Таңғалатын жағдай, тіпті бізге әскери мекемелер хабарласып жатыр, – дейді кітапхана қызметкері Таңнұр Башай.

Көркем фильмдер мен кітап көрмесінің апталығы «Казцинк» ЖШС, «Қазақфильм» киностудиясы және Өскемен қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив