Шығыс Қазақстанда 1 000 бас ірі қараға арналған жаңа тауарлы-сүт фермасы іске қосылды
Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында агроөнеркәсіп саласындағы ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында салынған жаңа тауарлы-сүт фермасы өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға тың серпін бермек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Полянское ауылында орналасқан заманауи ферма 1 075 бас ірі қара малға есептелген. Жобаның бастамашысы — 2004 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында тұрақты жұмыс істеп келе жатқан «Мойылды-Байқоңыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен және өткізумен айналысады. Серіктестікті Андрей Ветлугин басқарады. Қазіргі таңда мұнда 82 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын иелігіндегі ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы көлемі 12,84 мың гектарды құрайды.
Инвестициялық жоба «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие есебінен қаржыландырылды. Жобаның жалпы құны — 10,151 млрд теңге. Оның 5,453 млрд теңгесі кәсіпорынның өз қаражаты.
Тауарлы-сүт фермасының құрылысы 2024 жылдың сәуір айында басталған. Жұмысқа рұқсатты Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы берген. Ал бас мердігер— «ВостокАгроХолдинг» ЖШС.
Қаржыландыру 2024 жылы үш кезең бойынша жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 2 млрд 226 млн теңге мал азығын дайындайтын техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға жұмсалса, 7 млрд 371 млн теңге құрылыс-монтаж жұмыстарына бағытталған. Сонымен қатар, 553,7 млн теңгеге голштин-фриз тұқымындағы 350 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алынған.
Ферма жоғары өнімді техникамен толық жабдықталған. Мұнда тракторлар, комбайндар, егіс кешендері, бүріккіштер, сондай-ақ мал шаруашылығы мен жем-шөп өндірісіне арналған арнайы құрал-жабдықтар қолданылады.
Нысан толық іске қосылғаннан кейін жылына 6 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Алайда жобалық қуаты 10 мың тоннаға дейін шақталған, яғни, болашақта өндіріс көлемін арттыруға әрі ауылдық жерлерде қосымша жұмыс орындарын ашуға жол ашып отыр.
Алтай ауданында жаңа тауарлы-сүт фермасының іске қосылуы өңір экономикасына елеулі үлес қоспақ. Бұл жоба сүт өндірісін ұлғайтып қана қоймай, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына ықпал етеді.
Облыс басшылығы алдағы уақытта сүтті мал шаруашылығын одан әрі дамытуға, өнім сапасының стандарттарын көтеруге және тиімді, заманауи агроөнеркәсіп жүйесін қалыптастыруға басымдық бермек.
Алты жаңа жобаның іске қосылуы нәтижесінде келесі жылдан бастап өңірде тауарлы-сүт өндірісі 35 мың тоннаға артып, жалпы көлемі 160 мың тоннадан асады. Бұл сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 50 пайыздан 80 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысы сүтті мал шаруашылығын дамытуға қолайлы табиғи және өндірістік әлеуетке ие. Өңір республика бойынша тауарлы сүт өндірісі мен өнімділік көрсеткіштері жағынан үздік бестікке кіреді. Биылғы 11 айында облыста 235 мың тонна сүт өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім 110 пайызды құрады.
Оның айтуынша, өңірде бүгінде 33 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Олар жылына 113 мың тонна тауарлы сүт өндіреді. Соның ішінде алты ірі шаруашылық жалпы көлемнің 60 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Өңірде тәулігіне шамамен 400 тонна сүт сауылып, оның 300 тоннаға жуығы жергілікті зауыттарда өңделеді.
Қуаттылығы жылына 200 мың тоннадан асатын 11 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Биыл өңір зауыттары 101 мың тонна жергілікті сүтті өңдеп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артты. Облыс сүт, сары май және өзге де сүт өнімдерін өндіруде елдегі жетекші өңірлердің қатарында.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін қонақтар ферма аумағын аралап, өндіріс үдерісімен арнайы экскурсия барысында танысты.
Елизавета Седых
Фото: Артем Жигулин
Видео: Руслан Акматалиев















