KZ
Өскемен
-4°
пасмурно жел 1 м/с, С
517.66 606.49 6.44

Полицейдің кәсібилігі тоғыз адамның өмірін сақтады – ШҚО

Бүгін, 16:30 48 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерінің кәсібилігі мен жедел әрекетінің арқасында тоғыз адамның өмірі сақталып қалды. ШҚО Полиция департаментінің атына Павлодар қаласының тұрғыны Зоя Қалиевадан алғыс хаты келіп түсті. Ол Риддер қалалық полиция бөлімінің жедел кезекшісі, полиция қызметкері Мейрам Азтаевқа жоғары жауапкершілігі, адамгершілігі және шұғыл жағдайда дұрыс шешім қабылдай білгені үшін ризашылығын білдірген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Оқиға 11 желтоқсан күні Риддер қаласының маңында болған. Демалыс мақсатында тауға шыққан тоғыз турист белгіленген уақытта байланысқа шықпай қалған. Туристердің бірі – Павлодар қаласының тұрғынының анасы алаңдап, полицияға хабарласқан. Хабарлама Риддер қалалық полиция бөлімінің жедел кезекшісіне түскен сәттен бастап, жағдай ерекше бақылауға алынды.

Жедел кезекші Мейрам Азтаев жағдайдың қауіпті екенін ескере отырып, бірден іздестіру-құтқару шараларын ұйымдастырды. Ол Төтенше жағдайлар қызметтерімен жедел түрде байланыс орнатып, іздеу жұмыстарының нақты бағытын айқындауға көмектесті. 

Сонымен қатар түнгі уақытқа қарамастан, туристердің туыстарымен, әсіресе, алаңдаған анамен үздіксіз байланыста болып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беріп отырған.

Полиция мен құтқару қызметтерінің үйлесімді әрі жедел әрекетінің нәтижесінде туристер қысқа мерзім ішінде табылды. Барлығы аман-есен, медициналық көмекке мұқтаж болмаған. Уақытылы ұйымдастырылған іздестіру жұмыстары ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берді.

Зоя Қалиева алғыс хатында полиция қызметкерінің тек кәсіби міндетін ғана емес, адами жауапкершілігін де жоғары бағалап, оның қолдауы мен үнемі байланыста болғаны сол түні өзіне үлкен моральдық демеу болғанын атап өткен.

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қызметтің басты бағыты екенін және осындай оқиғалар полиция мен құтқару қызметтерінің өзара іс-қимылының маңызын тағы бір мәрте дәлелдейтінін атап өтті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу