KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
442.05 474.14 4.74

ШҚО полицейлері балаларға арналған мереке ұйымдастырды

Фото: ШҚО ПД баспасөз қызметі

3.06.2023, 12:11 301

Бүгін бес жүзден астам бала арнайы техниканы, полицияның қару-жарағы мен қорғаныс құралдарын, сондай-ақ арнайы бөлімшелердің көрме қойылымдарын және көптеген қызықтарды тамашалады.

Облыстық полиция департаментінің шеру алаңында аниматорлар, ойын снарядтары, мерекелік сахна, шарлар, аттракциондар, тәтті тағамдары бар шатырлар, тіпті кинологиялық қызмет орталығының иттері де балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.  

ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков іс-шараға жиналған балақайларды мерекелерімен құттықтады.

– Сүйкімді балақайлар, сендерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Сендерге керемет көңіл-күй, мықты денсаулық және бақыт тілеймін. Жүздеріңнен күлкі кетпесін, бақытты балалық шақ болсын, –  деді облыстың бас полицейі.

 Келесі ретте Ерлан Омарбеков "Біздің полиция" тақырыбында өткен облыстық шығармашылық суреттер мен шығармалар байқауының жеңімпаздарына дипломдар мен сыйлықтар табыс етті.

 Сонымен бірге ШҚО ПД бастығы қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балаларын да назардан тыс қалдырмады, оларға естелік сыйлықтар сыйлады.

Сондай-ақ Полиция департаментінің атынан "Үміт" балалар үйінің тәрбиеленушілері де атап өтілді, оларға осы тамаша мерекеде мектеп керек-жарақтары бар 50 рюкзак табысталды.

 Мерекелік жиында "Динамо" ДСҚ төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Жұмаділов балаларға зор денсаулық, бақ-береке, табыс және алдағы жазғы демалыстарын ойдағыдай өткізуді тіледі.

Іс-шарада жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері қылмыспен күресудегі рөлі және олар үшін әрқашан "формада" болу қаншалықты маңызды екендігі туралы айтты, әрі қарай өз ісінің нағыз шеберлері күнделікті қызметінде қолданатын дағдыларын көрсетті.

 Полиция департаменті ұйымдастырған мерекелік бағдарламадағы аниматорлар, тик-ток пати, сабын көпіршіктері шоуы, бет бояуы, интерактивті батлдар мен челлендждер, тіпті атпен және понимен серуендеу балаларға ғана емес, олардың ата-аналарына да ұнады.

– Бүгін жарқын эмоцияларға толы тамаша мереке болды. Балаларымызға осындай мереке сыйлағаны үшін полицейлерге үлкен рахмет, – деп атап өтті мереке қонақтарының бірі, 4 жасар Мединаның анасы.

Мереке ересектер мен балаларға арналған, балалық шақтан таныс сүйікті мультфильмдер әндері мен заманауи хиттер қойылған биге ұласты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив