Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев интернет сапасы нашар және ұялы байланыс орнатылмаған ауылдардағы мәселелерді шешу үшін Үкіметте арнайы комиссия құруды ұсынған.
Депутаттың хабарлауынша, жыл басынан бері интернет сапасының нашарлығына қатысты 5 мыңнан астам шағым түскен, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
– Биылғы 1 сәуірдегі мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы халық саны 200 мыңнан асатын 1432 ауыл кеңжолақты мобильді интернетке қосылмаған. Бұл – ресми дерек. Шынайы жағдайға тоқталсақ, ғаламторды атымен көрмеген елді мекендер саны бұдан әлденеше есе көп болуы мүмкін. 2020 жылы мемлекет Қазақстан Республикасы халқының 98,7%-ын интернет желісіне кеңжолақты жүйемен қамтамасыз етті дегенді де ел естіді. Басқасын былай қойғанда, бас қаланың біраз жерінде интернет әупірімдеп әрең істейді, – деді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутат интернеті жоқ елді мекендерде салдарын ұстаздар мен оқушылар тартып отырғанын жеткізген.
– 2023 жылдың 4 айының өзінде қазақстандықтар сапасыз интернетке қатысты 5 мыңнан астам арыз-шағым түсірген. Осы жерде заңды сауал туады, сапасыз интернетті ұсынған операторларға қанша айппұл салынды? Тиісті межеге жету үшін жауапты министрлік қандай қарекет қылып жатыр? Атқарылған жұмысты түгел жоққа шығарудан аулақпыз, бүгінгі күнге дейін 6290 ауылдың 4974-іне кеңжолақты мобильді интернет тартылған. Ал қалған мыңнан астам елді мекендегі халықтың құқығы шектеліп қалған жоқ па? – деді депутат.
Депутат осыған байланысты бірқатар ұсыныс жолдаған. Оның біріншісі – интернет сапасы нашар және ұялы байланыс орнатылмаған ауылдардағы мәселені шешу үшін Үкіметте қоғам белсенділері, сала мамандары және депутаттардан құралған арнайы комиссия құруды ұсынды.
– Министрліктің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ұялы байланыс пен интернеті жоқ ауыл-аймақтардың тізімін атын атап тұрып ашық жариялау қажет. Интернетсіз отырған ауыл-аймақтардың тұрғындары өзі тұрып жатқан елді мекенге қашан, қай кезде ғаламтордың қосылатынын нақты білуі керек. Сондықтан министрлік қоғам алдында жауапкершілік алып, қай жерге, қашан сапалы интернеттің жететінін ашық жариялауы қажет, – деді Нартай Сәрсенғалиев.