KZ
Өскемен
-12°
небольшая облачность жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Денешынықтыру мұғалімдерін даярлау жүйесін қайта қарау қажет

Фото: egemen.kz

1.08.2023, 16:12 255

Спортты насихаттаумен айналысатын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіру жұмыстарында кемшілік көп.

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

– Спортты және саламатты өмір салтын насихаттаумен айналысатын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіру жұмыстарында кемшілік көп. Осыған байланысты Үкімет Денешынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029-шы жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Біздің алдымызда 2030-шы жылға қарай халықтың 50 пайызын денешынықтыруға және спортпен шұғылдануға тарту міндеті тұр. Сондықтан салалық министрлік пен әкімдіктер осы бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет, – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге жұмыс істеп тұрған спорт объектілердің инвентаризациясын аяқтап, оларда жүргізілуі тиіс жұмыс ауқымын айқындауы тиіс.

– Біз әрі қарай жұмыс істеуге қай объектінің мүмкіндігі бар екенін, қайсысы күрделі жөндеуді қажет ететінін, қанша спорттық құрал-жабдықтар қажет екенін нақты білуіміз керек. Екіншіден, өңір әкімдіктері саябақтарды, көшелерді, жағалаулар мен тұрғын үй аулаларын тренажерлармен, спорт алаңдарымен жабдықтауға ерекше назар аударуы тиіс, – деді Үкімет басшысы.

Осы орайда ол мектептердегі спорт алаңдары мен спорт залдарына балалар сабақтан тыс уақытта да емін-еркін баруы керек екенін айтты.

– Мәдениет және спорт, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері әлемдік тәжірибені ескере отырып, денешынықтыру жаттықтырушылары мен мұғалімдерін даярлау жүйесін қайта қарауы қажет. Барлық мүдделі мемлекеттік органдар Ақпарат министрлігінің қолдауымен саламатты өмір салтын насихаттау және түсіндіру жұмыстарын күшейтсін, – деді Премьер-Министр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу