Елімізде еңбек өтілі 2,5 мың жылдан асатын әулеттер бар
Елімізде 2016 жылдан бастап жыл сайын «Еңбек жолы» республикалық байқауы өткізіліп келеді. Бұл шара Еңбек күнін мерекелеуге және «Еңбек адамына» құрмет көрсетуге арналған.
«Еңбек жолы» байқауындағы номинацияларының бірі – «Үздік еңбек әулеті». Осы номинация бойынша жеңімпаздардың жиынтық еңбек өтілі 2,5 мың жылдан астам уақытты құрайды, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Яғни, бір әулеттің бірнеше буыны бір салада жылдар бойы жұмыс істеп, бұл кәсіп түрі мен мол тәжірбиелері ұрпақтан ұрпаққа қалып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, теміржол жұмыскерлері сайыстың басқа лауреаттарына қарағанда 4 есе көп екен.
Солардың бірі - былтыр жеңімпаз атанған Түкібаевтар әулеті. Осы отбасының жалпы еңбек өтілі 580 жылдан асады. Әулеттің негізін қалаушылар теміржол саласындағы еңбек жолын өткен ғасырдың отызыншы жылдарында бастаған. Олар Түркістан-Сібір магистралінің құрылысына қатысыпты.
Еңбек жолы ерекше тағы бір әулет – Құрманғалиевтер отбасы. Олардың орман шаруашылығы саласында 458 жылға жуық еңбек өтілі бар және жалпы төрт ұрпақтың 25 өкілінің еңбек жолы орман шаруашылығымен байланысты.
Айта кетсек, «Еңбек жолы» байқауы еңбек етуге ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және жұмысшы әулеттердің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.
Конкурс үш номинация бойынша өңірлік және республикалық деңгейде екі кезеңде өтеді:
«Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет;
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер;
«Өндірістің үздік жас қызметкері» – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын өндірістің ең белсенді және еңбекқор қызметкері.