KZ
Өскемен
-9°
небольшой снег жел 12 м/с, СБ
512.81 604.19 6.57

Ана мен Бала орталығында заманауи эндоскопиялық шейверлік аденотомия сәтті жүргізілді – ШҚО

17.12.2025, 15:30 112 Базарова Айгүл

Өскемендегі Ана мен Бала орталығында балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған жоғары технологиялық медициналық көмектің тағы бір маңызды кезеңі жүзеге асырылды. Орталықтың білікті дәрігерлері эндоскопиялық шейверлік аденотомия операциясын сәтті өткізіп, баланың еркін мұрын тынысын қалпына келтіруге және өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Аденоид тіндерінің ұлғаюы балалар арасында жиі кездесетін мәселе болып табылады. Ол мұрын арқылы тыныс алудың қиындауына, ұйқының бұзылуына, жиі суық тиюге, есту қабілетінің төмендеуіне және баланың жалпы психоэмоциялық жағдайының нашарлауына әкелуі мүмкін. Осындай жағдайларда заманауи эндоскопиялық шейверлік аденотомия ең тиімді әрі қауіпсіз әдістердің бірі саналады.

Аталған операция эндоскопиялық жабдықты қолдану арқылы орындалады. Бұл дәрігерге операциялық аймақты үлкейтілген форматта анық көруге, әрбір әрекетті барынша дәл және бақылаумен жүргізуге мүмкіндік береді. Шейвер аппараты патологиялық өзгеріске ұшыраған аденоид тіндерін сау құрылымдарға зақым келтірмей, аса ұқыптылықпен алып тастайды

Эндоскопиялық шейверлік аденотомияның негізгі артықшылықтары:

хирургиялық араласудың жоғары дәлдігі мен қауіпсіздігі;

айналадағы тіндердің ең аз жарақаттануы;

қан кету және операциядан кейінгі асқынулар қаупінің төмен болуы;

қалпына келу кезеңінің қысқаруы;

мұрын тынысының жақсаруы, ұйқының қалыпқа келуі және баланың жалпы жағдайының оңалуы.

Операциядан кейін баланың тыныс алуы жеңілдеп, ұйқысы түзеліп, белсенділігі мен көңіл-күйі жақсарғаны байқалады. Бұл – ата-аналар үшін де, дәрігерлер үшін де аса маңызды нәтиже.

Медицина қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі мен заманауи технологияларды тиімді қолдануының арқасында операция сәтті өтті. Ана мен Бала орталығы алдағы уақытта да балаларға сапалы, қауіпсіз әрі заманауи медициналық көмек көрсетуді басты мақсат етіп қала бермек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу