Еліміздегі ең үздік еңбек әулеті Риддерде тұрады
Республикалық конкурста дара шапқан риддерлік Белогорцевтер отбасы еліміздегі ең үздік еңбек әулеті деп танылды.
Белогорцевтер, Петровтар, Шумейколар, Черепановтар, Карнаковтар, Гараниндер, Шестаковтар, Волковтар, Ляпуновтар, Изотовтар – бұлардың барлығы тағдырларын «Казцинкмаш» машина жасау кәсіпорны біріктірген риддерлік зауыт жұмысшыларының әулеттері.
Белогорцевтар әулетінің 17 өкілі өндірістік кешеннің «Казцинк» металлургиялық комбинатына қажетті түрлі өнімдер шығаратын цехтар мен кеңселерінде еңбек етуде. Бұл адамдардың жалпы жұмыс өтілі бүгінде 350 жылды құрайды.
«Казцинкмаш» мамандары қалқымалы машина, шар және сырық тәрізді ұнтақтағыш, конусты үгіткіш, керамикалық сүзгі сынды ерекше техникаларды жасаумен және тау-кен байыту құрылғыларын жөндеумен айналысады. Әулеттің үлкені болып келетін Николай Белогорцевтың ұрпақтары кәсіпорында тек өздері ғана қалса да жұмыстың бір минут тоқтап қалмайтынын айтып әзілдейді.
Үздік еңбек әулеті атану үшін Белогорцевтар конкурстың өңірлік және республикалық екі деңгейінен өтіп, ел аумақтарынан келген 500 отбасының ішінен дара шықты.
– Бұл жеңіс біз үшін ерекше жетістік. Өйткен, бұл біздің аталарымыз бен әкелеріміздің жүріп өткен жолдарының танылып, кейінгі ұрпақ еңбегінің еленгені. Біз үшін тақым қысып, қолдаған «Казцинк» кәсіпорны ұжымына ерекше алғысымызды білдіреміз, – деді Белогорцевтар әулетінің өкілдері.