Биыл елімізде бала босану мен сәби күтіміне байланысты 749 млрд теңге жәрдемақы төленді
2025 жылы Қазақстанда отбасы институтын қолдау және демографиялық өсімді ынталандыру бағытындағы мемлекеттік әлеуметтік саясат жүйелі түрде іске асырылды. Жыл басынан бері бала тууына, сондай-ақ бала 1,5 жасқа толғанға дейін оны күтуіне байланысты мемлекеттік жәрдемақылар мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдермен жалпы саны 535,4 мың адам қамтылып, төлемдердің жиынтық көлемі 749 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы 2025 жылдың басынан бастап республикалық бюджеттен 56,4 млрд теңге көлемінде 312,2 мың адамға тағайындалды. Тек қараша айының өзінде бұл төлемді 26,1 мың азамат алып, төленген қаражат көлемі 4,8 млрд теңгені құрады. Аталған жәрдемақыға бала туған, бала асырап алған немесе қамқоршылыққа алған Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, сондай-ақ елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтары үміткер бола алады.
Сонымен қатар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын, яғни ресми түрде жұмыс істемейтін азаматтар үшін де бала күтіміне байланысты мемлекеттік қолдау қарастырылған. Егер бала күтімімен айналысатын адам МӘСҚ жүйесінің қатысушысы болмаса, туған, асырап алған немесе қорғаншылыққа алынған балаларға, сондай-ақ басқа ата-ананың отбасында ескерілмеген өгей балаларға жәрдемақы төлеу құқығы сақталады. Есепті кезеңде бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтімге арналған жәрдемақымен орта есеппен 125 мың адам қамтылып, төлемдердің жалпы сомасы 40,2 млрд теңгені құрады. Қараша айында бұл бағытта 127,8 мың адамға 3,7 млрд теңге төленді.
Мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетін айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты айқындалады. 2025 жылдың басынан бастап бала тууына және бала күтіміне арналған жәрдемақылардың мөлшері 6,5 пайызға индекстелді, бұл әлеуметтік қолдаудың нақты көлемін арттыруға мүмкіндік берді.
Бала тууына арналған біржолғы жәрдемақының мөлшері келесідей белгіленген:
– бірінші, екінші және үшінші балаға – 38,0 АЕК немесе 149 416 теңге;
– төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК немесе 247 716 теңге.
Ал бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері:
– бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
– екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
– үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
– төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Бұдан бөлек, жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ есебінен әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Бұл төлем жүктілік және босану бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген барлық күндерге тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық кіріске және демалыс күндерінің санына байланысты есептеледі.
2025 жылдың басынан бері аталған біржолғы әлеуметтік төлемді 187,2 мың адам алып, төлемдердің жалпы сомасы 260 млрд теңгені құрады. Қараша айында бұл төлем 15,3 мың адамға тағайындалып, 14,6 млрд теңге төленді. Ал 11 айдың қорытындысы бойынша бір алушыға шаққандағы төлемнің орташа мөлшері 1 436 546 теңгені құрады.
Сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оны күтуге байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем де қарастырылған. Бұл төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға баланың туған күнінен бастап тағайындалады және соңғы екі жылда МӘСҚ-ға аударылған әлеуметтік төлемдер негізінде есептелетін орташа айлық табыстың 40 пайызы мөлшерінде төленеді. Егер екі немесе одан да көп бала дүниеге келсе, төлем әр балаға жеке-жеке тағайындалады.
2025 жылдың 11 айында бұл әлеуметтік төлем 223,2 мың адамға тағайындалып, төленген қаражат көлемі 392,4 млрд теңгені құрады. Осы кезеңде ай сайынғы төлемнің орташа мөлшері 86 221 теңге болды.
Аталған шаралар – мемлекет тарапынан отбасы мен ана мен баланы қорғауға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі қолдаудың нақты көрінісі.