KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, С
505.71 591.43 6.65

Тұрақты тіркеуі жоқ қазақстандықтарға зейнетақы мен жәрдемақы төлеу тоқтатылуы мүмкін

depositphotos.com

7.09.2025, 13:00 261 Төлеуғазы Жансая

Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға әлеуметтік төлемдер тағайындауды тоқтату мәселесі талқыланып жатыр. Бұл шара ел бюджетінің тиімді жұмсалуына ықпал етеді деп күтілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

"Ашық НҚА" порталында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Әлеуметтік кодекске міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын жариялады.

Құжатта қандай да бір себеппен тұрғылықты жері бойынша тіркеуде жоқ немесе оны растай алмаған азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы төлеуді уақытша тоқтату ұсынылған.

Министрліктің мәліметінше, қазір елде тұрақты тіркеуі жоқ 100 мыңға жуық адам әлеуметтік төлемдер алып отыр. Бұған қоса, 28 мыңнан астам азамат уақытша тіркеуде тұр.

Жаңа бастамаға сәйкес, азаматтардың тұрғылықты жерінде тіркелмегені анықталса, мән-жай айқындалғанға дейін оларға зейнетақы мен жәрдемақы төлеу тоқтатыла тұрады.

«Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан аумағында тұрақты тұруы расталмаған адамдарға зейнетақы мен жәрдемақы төлеуді уақытша тоқтата тұру ұсынылады», – делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар, құжат авторлары бұл шара басқа елде тұруға ықтиярхаты бар әлеуметтік төлем алушылардың наразылығын туғызуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дегенмен, олар бюджет қаражатын үнемдеуге және әділ бөлуге оң әсер етеді деп есептейді.

Айта кетейік, құжат қоғамдық талқылауға шығарылды. Талқылау мерзімі 2025 жылғы 24 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл тек консультативтік құжат болғандықтан, заңды күшке ие емес. Әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізу үшін арнайы заң қабылдануы қажет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу