Былтыр 1,4 млн қазақстандық 958,3 млрд теңге әлеуметтік төлем алды
pexels.com
2024 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 1,4 млн қазақстандық Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 958,3 млрд теңгеге әлеуметтік төлем алды. Әлеуметтік төлемдер еңбекке қабілеттілігінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілік пен босану, сондай-ақ бала күтімі секілді әлеуметтік тәуекелдер бойынша тағайындалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өткен жылы еңбекке қабілеттілігінен айырылған азаматтарға төленген қаражат көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ға, ал асыраушысынан айырылған отбасыларға төлемдер 26%-ға артты. Жұмысынан айырылған азаматтарға жасалған төлемдер 31%-ға өссе, жүктілік пен босануға байланысты төлемдер 11%-ға көбейді. Сонымен қатар бала күтімі бойынша төлемдер көлемі 1,4 есеге артқан.
МӘСҚ мәліметінше, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін азаматтар жұмыс істемейтіндерге қарағанда әлдеқайда жоғары әлеуметтік қолдауға ие.
Дереккөз: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі