ШҚО-да ауызсу сапасына мониторинг жүргізілді
Шығыс Қазақстан облысында ауызсудың сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізілді.
Мамандар 206 ауызсу сынамасын зерттеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Өскемен қаласы мен Шемонаиха ауданынан алынған 6 су сынамасы микробиологиялық көрсеткіштер бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес болмай шықты.
«Шемонаиха ауданынан алынған тағы 3 сынама санитарлық-химиялық көрсеткіштерге сай емес. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің атына аталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар берілді. Профилактикалық іс-шаралар жүргізілгеннен кейін ауызсу сапасы қайта тексерілді және нәтиже оң болды», – деп мәлімдеді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Мамандар ауызсу сапасын тоқсан сайын тексеретінін айта кеткен жөн. Бүгінге дейін облыс аумағында сапасыз ауызсуға байланысты қандай да бір жұқпалы ауру тіркелген жоқ.