ШҚО-да орман ішімен өтетін туристік маршрут ашылды
Фото: Тілеубек Шаяхмет
Катонқарағай ұлттық паркінде жаңартылған туристік маршрут таныстырылды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Қазақстандағы ең ірі табиғи парктердің бірі Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жаңартылған «Орман жолдары» туристік маршрутының ашылуы өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Соңғы жылдары Қазақстанда ішкі туризмге қызығушылық артып келеді. Әсіресе туристер арасында ұлттық саябақтар танымал, олар да экологиялық туризмді дамытуда басты рөл атқарады. Қазақстанда 14 ұлттық саябақ бар. Мәселен, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің (ҚР ЭТРМ) мәліметтері бойынша 2022 жылы еліміздің ұлттық парктеріне 2 миллионға жуық турист келді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғары.
Катонқарағай ұлттық паркінің аумағы 643 477 гектарды құрайды. 2017 жылдан бастап Катонқарағай ұлттық паркі Қазақстан-Ресей трансшекаралық биосфералық резерват ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілген. Ұлттық парк аумағында жалпы ұзындығы 680 шақырымнан асатын 10 туристік маршрут пен төрт соқпақ бар. 2022 жылы Катонқарағай ұлттық паркіне 7 061 адам келген.
«Орман жолдары» бағытында ұлттық парктің биологиялық әртүрлілігі туралы ақпараттан тұратын кіреберіс топ, өнер нысандары, бес аншлаг, навигациялық белгілер мен ақпараттық стендтер орнатылды. Маршруттың ұзындығы 20 шақырымнан асады. Оны жаяу және ат соқпақтарымен еңсеру үшін шамамен бір-екі күн қажет.