Марқакөл мен Бурабай ЮНЕСКО-ның биосфералық резерват желісіне енді
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының жаһандық желісіне қосылды. Мұндай шешім «Адам және биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесінің 34-ші сессиясында қабылданды.
Бүгінде ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының Қазақстандағы ұлттық желісіне 15 объект енгізілген. Бұл Орталық Азия елдеріндегі ең жоғары көрсеткіш және де әлем қауымдастығының Қазақстандағы биоалуандылықты сақтау мәселелеріне деген айрықша назарын білдіреді.
Айта кетейік, ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттары - бұл жерүсті және жағалаудағы/теңіз экожүйелерінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтары немесе ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы шеңберінде халықаралық деңгейде танылған осындай экожүйенің үйлесімі болып табылады.
Оның негізгі мақсаты - қоршаған ортаға зиян келтірместен адам мен табиғаттың тұрақты байланысын құру және болашақ ұрпақ үшін табиғи байлықты сақтап қалу. Бүгінгі таңда дүниежүзілік биосфералық резерват желісіне әлемнің 131 елінің аумағында орналасқан 738 биосфералық резерваты кіреді.