KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, В
524.75 540.6 5.12

ШҚО-да орман өртінің шығыны 9 млн теңгені құрады

Фото: Автордікі

26.07.2023, 18:46 339

ШҚО-да өрт қаупі кезеңі басталғалы бері мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 452,2 гектар болатын 45 өрт тіркелген. Дерекке сүйенсек, өрттің шығуына найзағай мен құрғақ ыстық  күн райы себеп болған.

5 сәуірде басталған өрт қаупі маусымы кезінде барлық орман мекемелерінде және басқармада мереке күндері де кезекшілік ұйымдастырылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Бұл туралы Аймақтық коммуникация орталығында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, ТЖД және Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері хабарлады.

Аймақта барлығы орман шаруашылығының 13 коммуналдық мемлекеттік мекемесі және  ерекше қорғалатын 3 табиғи аумақ бар. Олардың міндеті – орманды өрттен және ондағы ағаштарды рұқсатсыз кесуден  қорғау, қалпына келтіру.

ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаевтың мәлімдеуінше, орманды өрттен қорғау және өрт шыққан жағдайда оны анықтау қызметін мемлекеттік орман күзетінің жерүсті күштері атқарады. Олардың ішінде орман шаруашылығының 1077 қызметкері бар.

Бүгінгі таңда қолда  өртке қарсы 160 техника және 3 мыңнан астам құрал-жабдық бар (РЛО, мотопомпалар, шынжырлы аралар, хлопушкалар және т. б.).

Орман қорында авиатасымалдауды «Қазавиаорманқорғау» өңірлік филиалы жүзеге асырады. Өрт шыққан жағдайда көмекке келетін 4 ұшу техникасы бөлінген, оның ішінде 2 МИ-2, 1 МИ-8, 1 АН-2 бар. Төтенше жағдай кезінде ұшу техникасын басқаратын 3 бақылаушы ұшқыш пен 16 өрт сөндіруші-десантшы қызмет етеді. Биыл осы жұмыстар үшін 510 сағат қарастырылған.

Тымырсық  күн райына байланысты өрт қаупі артады. Сондықтан өртті уақтылы анықтау және жою үшін қосымша ұшу сағаттары қажет. Осыған байланысты Премьер-Министрге «Қазавиаорманқорғау» аймақтық бөлімі ұшу уақытын 400 сағатқа ұлғайту үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу мүмкіндігін қарау туралы тиісті хат жіберілген.

Орман аумағында өрт тұтануының алдын алу үшін ШҚО ТЖД бірқатар шара қабылдаған. Дәлірек айтсақ, табиғи өрттің алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті, облыс бойынша күш пен құрал тартудың аудандық жоспары түзетіліп, мүдделі органдарға ақпараттық хат жолданған. Сонымен қатар "Geosat" ЖШС-мен жылу нүктелері бойынша ғарыштық мониторинг деректерін беру туралы шарт жасалды.

ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Азамат Құмарбековтің мәлімдеуінше, облыс бойынша азаматтық қорғау, ЖПҚ, орман ұйымдары және ЖАО қызметкерлерінен құралған 46 мобильді топ жұмыс істейді. Арнайы топтардың жұмысының нәтижесінде ереже бұзған 55 тұлға жауапқа тартылды. Қазіргі таңда департаментте 1411 адамнан тұратын жеке құрам, 255 техника, оның ішінде 132 негізгі мақсаттағы өрт сөндіру автокөлігі сақадай сай дейді өкіл. Сонымен қатар аймақтағы өрт сөндіру бекеті жоқ елді мекендерде 44 пункт ашылды.

Өңірде өрт қаупі кезеңі басталғалы бері тіркелген 45 орман өртінің 30-ы – орман шаруашылығында, 14-і – Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің аумағында, 1 өрт – Батыс Алтай табиғи қорығының аумағында шыққан. Аймақтық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Ердос Үмітовтің сөзіне сенсек, өрт салдарынан  9 699 615 теңге шығын келген.

Тіркелген өрттің ішіндегі ең ауқымдысы – Зайсан ауданы Қаратал орманшылығы мен Асубұлақ орман шаруашылығының Приморск орманшылығында тұтанған өрт. Жалпы ауданы 219,2 гектарды құраған Қаратал орманшылығындағы өрттен 292 856 теңге шығын келсе, Приморск орманшылығында 164,65 гектар жерге тараған өрттің салдары 6 998 100 теңгені құраған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу