ШҚО-да 13 жасар бала суға батып кете жаздады
Фото: egemen.kz
ШҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Октябрь кентінің №20 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Еламан Нукушев суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды.
Өзге балалармен бірге ойнап жүрген 13 жасар жеткіншек толқын көтерілгенде судан шыға алмай қалған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Баланың туыстары көмек сұрап айғайлағанын естіген Еламан Нукушев баланы құтқару үшін суға секірген. Жеткіншектің туыстары Еламанға ризашылығын әлеуметтік желіге жариялады.
Еламан Нукушев азаматтық қорғаныс органдарында 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Ол Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясын бітірген.
ШҚО ТЖД дерегінше, 13 жастағы бала – Еламан құтқарған екінші адам. 2022 жылы Октябрьский кентінде болған өрт кезінде ол егде жастағы әйелді құтқарған.