Таеквондодан екі дүркін ел чемпионы Өскеменде әскери ант қабылдады
Өскемен қаласында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде таеквондо спортынан екі дүркін Қазақстан чемпионы, қатардағы жауынгер Абзал Әсембай салтанатты түрде әскери ант қабылдады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Алматы облысынан шақырылған спортшы таеквондомен тоғыз жасынан бері айналысып келеді. Ұлттық ұлан қатарына қосылған чемпион Отан алдындағы борышын өтеуді әрбір азаматтың парызы деп санайтынын атап өтті.
Салтанатты ант қабылдау рәсіміне сарбаздардың ата-аналары, ардагерлер, әскери бөлім басшылығы, сондай-ақ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев қатысты. Қолбасшы жас жауынгерлерге ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды миссиясына табыс тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді.
Абай, Жетісу, Павлодар облыстарынан, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларынан шақырылған екі жүзге жуық мерзімді қызметтегі сарбаз сап түзеп, ант мәтінін дауыстап оқып, Отанға адал қызмет етуге уәде берді.
Фото: «Шығыс» ӨҚ баспасөз қызметі





