ШҚО әкімі Қоғамдық кеңес мүшелерімен өңірдің даму басымдықтарын талқылады
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірлік Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өткізіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер мен алдағы міндеттерді талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Кездесу барысында Қоғамдық кеңестің халық пен билік арасындағы ашық диалог орнатудағы рөлі атап өтілді. Қазіргі таңда облыстық Қоғамдық кеңес құрамында 15 мүше бар, ал оның 10 комитетінде 100-ден астам азамат жұмыс істейді. Кеңес мүшелері өңір аудандарын аралап, тұрғындармен тұрақты түрде кездесіп, көтерілген мәселелерді жергілікті атқарушы органдарға жолдап келеді. Нәтижесінде бірқатар әлеуметтік түйткіл оң шешімін тапты.
ШҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы Аяужан Әшімованың айтуынша, өткен жылы облыстың барлық қала мен ауданында халықпен кездесулер ұйымдастырылған. Сонымен қатар, 25 мониторингтік рейд, 64 комитет отырысы және 12 саяси клубтың жиыны өткізілген. Тұрғындардан 50-ден астам өтініш қабылданып, олардың басым бөлігі тиісті түсіндіру және үйлестіру жұмыстарының нәтижесінде шешілген. Сондай-ақ, аудандық Қоғамдық кеңестер үшін оқыту семинарлары ұйымдастырылған.
Кездесу барысында кеңес мүшелері аймақ басшысына экологияны қорғау, медицина саласындағы кадр тапшылығы, қоғамдық көлік қызметінің сапасы, тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселелерін көтерді. Бұдан бөлек, елді мекендерді көгалдандыру, туризм саласын дамыту жөнінде бірқатар нақты ұсыныс айтылды.
Мемлекеттік қызмет ардагері, Ұлттық құрылтай мүшесі Ольга Кузовлева қоғамды алаңдататын өзекті мәселелерге тоқталып, оларды жүйелі түрде шешудің маңыздылығын атап өтті. Өзге де кеңес мүшелері өңір дамуына қатысты пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі барлық ұсыныс мен көтерілген мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Фото: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі







