ШҚО тұрғындары МӘМС бойынша сақтандырылған мәртебесін алты айға дейін сақтай алады
Шығыс Қазақстан облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысатын тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер кеңейтілді. МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер аясында сақтандырылған мәртебені сақтау бойынша жеңілдік кезеңі екі есеге, яғни, үш айдан алты айға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа норма МӘМС жүйесіне кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеп келген азаматтарға қолданылады. Төлемдер уақытша тоқтаған жағдайда, соның ішінде жұмысынан немесе тұрақты табысынан айырылған кезде, ШҚО тұрғындары алты ай бойы МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерді ала береді.
Бұл шара өңір үшін аса өзекті. Қазіргі таңда облыста МӘМС жүйесінен тыс қалып отырғандар халықтың 11 пайызын, яғни, 80 026 адамды құрайды. Жеңілдікті кезеңнің ұзаруы табыс көзінен уақытша айырылған азаматтардың медициналық көмектен қол үзіп қалу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Алты айлық жеңілдікті кезең аяқталғаннан кейін азаматтар өткізіп алған айлар үшін берешегін өтеуі тиіс. Бұған дейін мұндай кезең үш аймен шектелген болатын.
Қабылданған өзгерістер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуды кеңейтуге және өңір тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін тұрақты етуге бағытталған.
Дамир Омаров
Аударған: Айна Бакимбаева