«Таза Қазақстан» акциясы аясында ШҚО жастары 75 мыңнан астам ағаш отырғызды
Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен 191 іс-шара өткізіліп, оған шамамен 30 мың жас қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өткізілген акциялар мен түрлі іс-шаралар нәтижесінде облыс аумағында 2 мыңнан астам аула тазартылып, 75 мыңнан аса ағаш отырғызылды. Экологиялық бастамалар жыл бойы жүзеге асырылып, тәжірибелік жұмыстармен қатар түсіндіру және ағартушылық бағытты да қамтыды.
Атап айтқанда, қаңтар–наурыз және қараша–желтоқсан айлары аралығында жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 47 ағартушылық акция ұйымдастырылды. Ал сәуір мен қазан айлары аралығында абаттандыруға арналған 144 сенбілік пен бастама өткізілді.
Өңір тұрғындары да табиғи аумақтарды қорғауға сүбелі үлес қосқанын ерекше атап өткен жөн. Мәселен, Өскемен қаласының тұрғыны Вячеслав Орлов отбасымен бірге Катонқарағай ауданындағы таулы аймақтарда 70-тен астам «вандалдық» жазуларды тазартқан. Бұл бастама облыс волонтерлері тарапынан қолдау тапты
Сондай-ақ, акция аясында жастарға арналған экологиялық белсенділіктің заманауи форматтары — «Таза ойындар», эко-квестер мен музыкалық сенбіліктер ұйымдастырылып, тұрғындардың оң бағасына ие болды.
Дамир Омаров