ШҚО-да егін жинау науқаны кешеуілдеп жатыр
Фото: baribar.kz
Күзгі қолайсыз ауа райына байланысты биылғы егін жинау науқаны кешеуілдеп жатыр. Сондай-ақ дәнді дақылдардың өнімділігі де нашар екен.
Өткен жылы облыста бұршақты дақылдардың өнімділігі гектарынан 18,6 ц болса, биыл гектарынан 13,46 ц құрады. Дәл қазіргі уақытта дәнді дақылдардың 80,95% пайызы жиналған. Бұл туралы ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов баспасөз конференциясы барысында баяндап берді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысындағы биылғы егін жинау алаңы 639,8 мың гектарды құрайды. Соның 290,3 мың гектарында дәнді және бұршақты дақылдар, 210,9 мың гектарында майлы дақылдар өсірілген. Қалған аумақты қарақұмық, картоп, көкөністер мен қауын және жемшөп дақылдары алып жатыр.
Қазіргі уақытта қордағы астық өнімдері жеткілікті. Астық кептіру техникалары да жетеді. Өңір шаруашылықтарында әртүрлі қуаттылықтағы 300-ден астам механикаландырылған астық тазарту кешені, 90 кептіргіш және 5 лицензияланған элеватор бар. Сондықтан да Ауыл шаруашылығы басқармасы уақыттан кешіксе де, қажетті астық өнімдерін толық жинап алатындарын айтты.