KZ
Өскемен
пасмурно жел 2 м/с, З
494.87 520.65 4.91

Еңбек министрі кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті - ШҚО

10.11.2023, 12:35 308 Нұржан Кенжеұлы

Еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Шығыс Қазақстанға жұмыс сапары аясында өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесіп, өндірістегі қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Үлбі металлургиялық зауытының әкімшілік ғимаратында өткен кездесу барысында министрлік басшысы зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем тағайындаудың негізгі тәсілдері туралы түсіндірді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Іс-шараға жергілікті атқарушы билік органдары мен облысымыздағы Кәсіподақ орталығының өкілдері, сондай-ақ өңірдегі 16 кәсіпорын мен ұйымның қызметкерлері қатысты.
Светлана Жақыпова бұл кездесу Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру бойынша жүргізілген жұмыстарды түсіндіру мақсатында өткізіліп жатқанын атап өтті. Осылайша, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленген-ді.

– Атап айтқанда, жұмыс орнында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа моделін енгізу, кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша сақтандыру тарифін саралау, кәсіпорындардың цифрлық картасын құру және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен мониторингтің проактивті форматын енгізу сияқты жаңашылдықтар ұсынылады, – деді министр.

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру мақсатында министрлік арнайы әлеуметтік төлемді енгізуді көздейтін заңнамаға түзетулер әзірлепті. Бүгінде мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген бұл құжат Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

– Арнайы әлеуметтік төлем 55 жасқа толған және жеті жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшыларға тағайындалады. Бұл төлемдер бірнеше компоненттен тұрады және төрт көзден төленеді. Олардың біріншісі – республикалық бюджеттен 1,5 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшеріндегі арнайы кәсіптік төлем болса, екіншісі – Үкімет қаулысымен бекітілген тәртіппен БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен зейнетақы жинақтарын ескере отырып міндетті зейнетақы жарналары есебінен төленеді. Үшіншісі өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшеріндегі төлем болса, тағы бір төлем жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде жүзеге асырылады, – деп мәлім етті Светлана Жақыпова.

Сондай-ақ заңнамалық түзетулерде жұмысшыларды еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру жағы да ойластырылғаны белгілі болды.
Кездесу барысында Светлана Жақыпова облыстағы кәсіпорындар қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, арнайы әлеуметтік төлемнің қалай есептелетінін түсіндірді. Сонымен қатар ведомство басшысы Үлбі металлургиялық зауытының музейіне барып, облысымыздағы іргелі кәсіпорынның тарихымен және жұмысымен жақынырақ танысты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу