Тағы 500 мыңнан астам адамның кредиті кешіріледі
Тұтынушылық несие бойынша 500 мыңнан астам қазақстандықтың кредиті жабылады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Капитал кз сайтына сілтеме жасап.
Естеріңізде болса, 26 маусымнан бері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «ҚР азаматтарының борыштық жүктемесін азайтуға» байланысты шаралар жасалды. Яғни тұтынушылық несие бойынша көптеген азаматтадың несиесі өтелді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, аталмыш іс-шара жалғасады. Тіпті қазіргі уақытта тізімде 500 мың тұрғын бар көрінеді.
– Деректер қорын салыстырып тексеру жүргізілді. Кредиттік бюроға 2 миллион 289 мыңнан астам адам туралы мәлімет берілді. Енді кредиттік бюро екінші деңгейлі банктермен салыстырып, тұлғалардың кредиттерінің мөлшерін анықтайды. Қазірдің өзінде несиесі жабылатын 507 мыңға жуық адамның тізімі жасалып қойды, – дейді Светлана Жақыпова.
Вице-министрдің айтуынша, бір басында жалпы сомасы 3 миллион теңгеден аспайтын 2-3 несие бар адамдар кездеседі.
– Ерлі-зайыптылардың екеуінде де несиесі болса, қалай өтеледі? Осыған байланысты қоғамда көптеген сұрақтар туындап жатыр. Жарлықтың шартына сәйкес келсе, екеуінің де несиесі өтеледі, – деп түсіндірді С. Жақыпова.
Осы орайда айта кетейік, EGov порталында клиенттің мәртебесін айқындайтын сервис жұмыс істейді. Әрбір қазақстандық порталға ЭЦП арқылы тіркеліп, ЖСН енгізіп, кез-келген сауалға жауап ала алады.
– Алдағы уақытта сервисті жетілдіруді жоспарлап отырмыз. Себебі кейбір азаматтар өз мәртебесін анықтай алмады. Тағы да қайталаймын, аяқталмаған тізімдер әлі де толықтырылады, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.