Риддер әкімі: Қала жылусыз қалмайды
Бүгін Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев қызметіне кіріскен 100 күннен кейін мәдениет сарайының ғимаратында қала тұрғындарымен кездесті. Атқарылған жұмыстарға тоқталып, тұрғындардың толғандырған сұрақтарына жауап берді.
Қала басшысы Риддердің әлеуметтік-экономикалық дамуын сөзге тиек етіп, әр жұмыс күнін ЖЭО-да бастайтынын жеткізді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бүгінде жылу орталығындағы барлық алты қазандық толықтай жөндеуден өтіп, бірнеше ауысымда 400-ден астам адам жұмылдырылған. Осылайша, былтыр қыста болған апаттан кейін барлығы қалпына келтірілді.
- ЖЭО-да қысқа мерзімде ауқымды жұмыстар атқарылды. Ең бастысы, тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға жылу берілді, ыстық су бар. Биыл сіздер жылусыз қалмайсыздар, - деді Дәулет Бахитұлы.
Сонымен қатар соңғы 10 айда Риддерде 1150 жұмыс орны ашылғандығын, алдағы уақытта 600 орындық мектептің бой көтеретінін, сонымен қатар жаңа емхананың құрылысы жүріп жатқанын атап өтті.
Кездесу барысында қала тұрғындары қоқыс мәселесі, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру, көп қабаты тұрғын үйлердің аулаларында балаларға арналған спорт алаңдарының жоқтығын сөз етті. Сондай-ақ орманды заңсыз отауға тосқауыл қойылса деген тілектерін білдірді.
Дәулет Батырбаев кездесу соңында барлық сұрақтар жауапсыз қалмайтынын, өзінің жеке бақылауында болатынын жеткізді.
Автор: Қуаныш Рахметоллаұлы