Ауылдағы жас мамандар таунхауста тұрып жатыр – ШҚО
Глубокое ауданының Солнечное ауылындағы «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-де жұмыс істейтін жас мамандарға өзгеше ипотекалық бағдарламамен баспана салынып, беріліп жатыр.
Шаруашылыққа қажетті мамандарды тартып, кадр тапшылығын жоюда аталған бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Әсия Рахымжанова – осы шаруашылықтың есепшісі. 2015 жылы мұнда қарапайым қызметкер болып келген ол екі жыл бұрын жаңа үй алған. Ол жалпы ауданы 78 шаршы метрлік үш бөлмелі үйді 18 млн теңгеге шаруашылықтың арнайы бағдарламасымен 10 жылға алған. Ипотека ешқандай пайызсыз, бөліп-бөліп төлейтіндей етіп берілген. Алғашқы жарна ретінде 25 пайызын төлеген.
Парламент Мәжілісінің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев бастаған депутаттар «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің Солнечный ауылындағы шаруашылықтары мен 1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының жұмысымен, серіктестіктің жас мамандарға арнап салған қос қабатты таунхаус үлгісіндегі баспаналарымен танысты.
«Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС алдағы уақытта тағы да таунхаус үлгісіндегі осындай қос қабатты бірнеше пәтерлі алты тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған. Дегенмен жас мамандардың баспанамен қамтылуына тамаша мүмкіндік туғызып отырған ипотекалық бағдарламаны әрі қарай жалғастыруға мемлекет тарапынан қолдау қажет.
Жанаргүл Мұқатай