Тұрғын үй салуда санға емес, сапаға мән беру керек: ШҚО әкімінің Өскемен тұрғындарымен кездесуі
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жыл қорытындысына арналған Өскемен тұрғындармен кездесуінде тұрғын үй құрылысына қатысты нақты жоспарлар мен тапсырмалар берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кездесу барысында Өскемен қаласындағы тұрғын үй құрылысы ең өзекті мәселелердің бірі ретінде көтерілді. Қала қарқынды дамып, халық саны артып келеді. Осыған байланысты облыс әкімі тұрғын үй салу тек сан қуалау емес, сапалы әрі кешенді түрде жүзеге асуы қажет екенін атап өтті.
2024–2025 жылдары «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасылар үшін 19 бірқабатты тұрғын үй салынды. Бұл үйлерде 37 пәтер бар. Сонымен қатар көпқабатты үйлерден 309 пәтер сатып алынып, тұрғындарға берілді.
Кредиттік тұрғын үй құрылысы да қарқын алған. «Нұрлы жол» шағын ауданында 336 пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта «Нұрлы жол» және «Спорт» шағын аудандарында 966 пәтерлі 11 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобалар 2022–2023 жылдары басталып, бүгінге дейін 24 млрд теңге игерілген. Биыл облыстық бюджеттен қосымша 5,1 млрд теңге бөлінді. Жалпы алғанда, 13 жобаның құны 35,7 млрд теңгені құрап, тұрғын үй алаңы 111,6 мың шаршы метрді қамтиды.
Сонымен қатар, Өскемен қаласының 26 тұрғын ауданындағы 1-шағын ауданда 632 пәтерлі 9 тұрғын үйдің құрылысы басталды. 2025 жылы бұл мақсатқа мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен 6,3 млрд теңге қарастырылған. Аталған жобалардың жалпы құны – 26,4 млрд теңге, ал аяқталу мерзімі – 2027 жыл.
Коммерциялық тұрғын үй құрылысына да жеке тоқталды. Қазіргі уақытта Өскеменде 35 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Алайда екі нысан бойынша мәселелер бар. «Астория» тұрғын үй кешенінде құрылыс қайта жанданып, нысанды 2026 жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Ал «Эмералдс» тұрғын үй кешені бойынша сот процестері жүріп жатыр, нысанның дайындық деңгейі 35 пайызды құрайды.
Қазіргі тұрғын үй құрылысының көлемі қаланың ұзақ мерзімді дамуын толық қамтамасыз ете алмайды. Қолданыстағы жоспарлар 3,2 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 129 мың адамды қоныстандыруға мүмкіндік береді. Дегенмен алдағы уақытта кешенді құрылыс аумақтарын кеңейтіп, көлік және инженерлік инфрақұрылымды қатар дамыту қажет.
Артем Жигулин
Махаббат Ахметжанова

