KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 4 м/с, Ю
512.81 604.19 6.57

Өскемен тынысы: өндіріс пен экология арасындағы тепе-теңдік 

22.12.2025, 12:00 56 Айдос Мырзахметов

Шығыс Қазақстан – ел экономикасының индустриялық тіректерінің бірі. Өңірдің өндірістік әлеуеті, зауыттар мен энергетикалық нысандардың шоғырлануы ең алдымен Өскемен қаласына елеулі экологиялық салмақ түсіретіні жасырын емес. Сондықтан өңір үшін экология мәселесі тек салааралық тақырып емес, тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін стратегиялық басымдыққа айналып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Экологиялық тәуекелдерді азайту бағытында Өскеменде ауа сапасын бақылаудың кешенді жүйесі қалыптастырылды. Қала аумағында 25 бақылау бекеті орнатылып, атмосфералық ауаның жағдайы тәулік бойы қадағаланады. Бұған қоса, заманауи, жоғары дәлдіктегі жабдықтармен қамтылған мобильді экологиялық зертхана іске қосылды.

- Өндіріс пен экология арасындағы тепе-теңдікті сақтау мақсатында ірі кәсіпорындармен өзара іс-қимыл тетіктері жолға қойылған. Үлбі металлургия зауыты, «Казцинк», Өскемен және Согра жылу электр орталықтарымен қол қойылған меморандумдар қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде, әсіресе желсіз күндері, шығарындыларды шектеу бойынша бірлескен әрекеттерді қарастырады, - деді Өскемен қаласы тұрғындары алдында есеп беру барысында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов. - Қаладағы экологиялық саясаттың тағы бір маңызды тетігі – «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының қызметі. Оның құрамына тәжірибелі экологтар, қоғам белсенділері мен мемлекеттік органдардың өкілдері кірген. Бюро тұрғындардан түскен ұсыныстарды қабылдап, қоғамдық бастамаларды үйлестіру арқылы экология мәселесінде ашық диалог алаңын қалыптастырып отыр.

Экологиялық жағдайды жақсарту тек бақылау мен шектеулермен шектелмейді. Өңірде экологиялық ағарту жұмыстарына, тұрғындарды табиғатты қорғау ісіне кеңінен тартуға ерекше мән берілуде. «Таза Қазақстан» акциясы мен жаппай эко-сенбіліктер қоғамда қоршаған ортаға деген жауапкершілікті күшейтіп, әрбір азаматтың табиғат алдындағы парызын сезінуіне ықпал етуде.

Осылайша, Шығыс Қазақстанда экология мәселесі кешенді түрде, бақылау, серіктестік және қоғамдық қатысу қағидаттарына сүйене отырып шешілуде. Өскеменнің өнеркәсіптік қуатын сақтай отырып, қала ауасын тазартуға, тұрғындардың денсаулығы мен болашақ ұрпақтың өмір сапасын қорғауға бағытталған нақты шаралар тұрақты жүзеге асырылуда.


Артем Жигулин 

Махаббат Ахметжанова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу