ШҚО полицейлері 135 жаңа қызметтік автокөлік алды
Өскеменнің орталық алаңында ШҚО әкімі Ермек Көшербаев полицейлерге жаңа көліктердің кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
Жаңа автокөліктер Жаңа жыл қарсаңында облыс орталығының көшелерін күзететін болады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
– Сіздердің кәсібиліктеріңіздің арқасында тәулік бойы азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіп қамтамасыз етіледі. Ал барлық қажетті құралдармен жабдықталған жаңа көліктер полицейлерге өз міндеттерін сапалы атқаруға мүмкіндік береді. Жазғы кезеңде туристік маршруттарды инспекциялау жүргізушілерді тәртіпке келтіріп, жолдағы апатты азайтады. Туризмнің дамуына байланысты өңірімізде туристік полиция құру қажеттілігі туындап отыр, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Отандық өндірістің Chevrolet Cobalt, Kia және Jac маркалы 135 автокөлігі "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ арқылы облыстық бюджет қаражатынан лизингтік қаржыландыру аясында сатып алынды.
Автомобильдер патрульдік және учаскелік инспекторларға, оның ішінде облыстың жаңадан құрылған аудандарына арналған. Бір учаскелік полиция инспекторы қашықтығы 50-70 шақырымға дейінгі бірнеше елді мекенге қызмет көрсетеді. Сондай-ақ машиналарды ШҚО кинологиялық және табиғатты қорғау қызметтері алады.
Кілттерді тапсыру рәсімінен кейін облыс әкімі Ермек Көшербаев пен ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков полицияның жеке құрамын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады!
– Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және жол қозғалысы ережелерін бұзуға жол бермеу – біздің негізгі міндетіміз. Полиция паркі 2017 жылдан бері жаңартылмаған болатын. Мен облыс әкіміне және барлық жеке құрамға өткен жылы атқарған жұмыстары үшін алғысымды білдіремін, – деді іс-шара соңында Ерлан Омарбеков.