Қазақстанда онкологиялық науқастардың өмір сүру көрсеткіші рекордтық деңгейге жетті
Қазақстанда қатерлі ісік диагнозы қойылғаннан кейін кемінде бес жыл өмір сүретін науқастардың үлесі алғаш рет рекордтық 65%-ға жетті. Бұл көрсеткіш жоспарланған межеден асып түсіп, соңғы жылдардағы ең жоғары деңгей ретінде тіркелді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мұндай оң нәтиже елдегі онкологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігінің айтарлықтай артқанын көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанның еуропалық стандарттарға жақындауына негізгі үлес қосқан бағыттар – қуықасты безі, сүт безі және жатыр мойны обырларын анықтау мен емдеу ісі. Аталған ауру түрлері бойынша бес жылдық өмір сүру деңгейі бүгінде 80 пайыздан жоғары. Бұл скринингтік бағдарламалардың тиімділігі мен заманауи емдеу әдістерінің кеңінен енгізілуінің нәтижесі болып отыр.
Сондай-ақ онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау көрсеткіші де айтарлықтай жақсарды. Қазіргі таңда нөлдік және бірінші сатыда анықталған науқастардың үлесі 33 пайызға жеткен. Ерте диагностика емнің тиімділігін арттырып қана қоймай, науқастардың өмір сүру ұзақтығы мен сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, елімізде онкологиялық аурулары бар науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мүмкіндіктері едәуір артты. Бұл туралы Қазақ онкология және радиология ғылыми институты мәлімдеді. Бүгінде бірқатар ісікке қарсы препараттардың құны 40 пайыздан астамға төмендетілген.
Мұндай нәтижеге сатып алу процестерін оңтайландыру және дәрілік схемаларды ұтымды қайта қарау бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстың арқасында қол жеткізілді.
Бағаның төмендеуі қосымша бюджет қаражатынсыз-ақ сатып алынатын препараттар көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ қолданыстағы лимиттер шеңберінде ем ала алатын пациенттер санын арттыруға мүмкіндік берді.
Мамандардың айтуынша, қабылданған шаралар онкологиялық көмектің тұрақтылығын күшейтіп, өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектер тапшылығының алдын алуға ықпал етті.
Жүргізілген ревизия аясында дәрілік қамтамасыз етуден клиникалық тұрғыда тиімсіз әрі ескірген бірқатар препараттар алынып тасталды. Сондай-ақ заманауи емдеу әдістерінің тізімі кеңейтіліп, дәрілік қамтамасыз етуге жаңа таргетті препараттар енгізілді. Бұл онкологиялық емдеудің сапасын арттырып, әр пациентке жеке тәсіл қолдануға мүмкіндік береді.
Маңызды қадамдардың бірі – таблетка түріндегі кейбір препараттарды медициналық ұйымдар үшін нөлдік құнмен өтеу жүйесіне көшіру болды. Бұл медициналық мекемелердің қаржылық жүктемесін азайтып, пациенттер үшін дәрілік терапияны неғұрлым қолжетімді әрі ыңғайлы етті.
2026 жылғы 1 сәуірге дейін таргетті ісікке қарсы препараттарды фармакологиялық топтар мен АТХ-классификация бойынша сатып алудың жаңа тетігіне көшу жоспарланып отыр.
Жалпы, елімізде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші жыл сайын төмендеп келеді. Бұл оң динамика медициналық инфрақұрылымды дамыту, жоғары технологиялы диагностикалық құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ дәрігерлердің біліктілігін арттыру шараларының нәтижесі екені атап өтілуде.
Алдағы уақытта да онкологиялық көмекті жетілдіру, алдын алу шараларын күшейту және халық арасында скринингтік тексерулерге қатысуды арттыру арқылы бұл көрсеткіштерді одан әрі жақсартылмақ.