Шығыс өңірінде тасқын қаупі жоғары ма?
Шығыс өңірінің Марқакөл, Алтай, Самар, Шемонайха, Катонқарағай аудандарында және Риддер қаласында қар шектен тыс қалың және ондағы ылғал қорының мөлшері орташа көпжылдық мәннен жоғары. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында болған баспасөз мәслихатында Қазгидрометтің Шығыс Қазақстандағы филиалының өкілі, гидрология бөлімінің басшысы Іңкәр Асқарова айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Катонқарағай мен Риддер аумағында қар жамылғысының қалыңдығы нормадан 64 пайызға, Марқакөл ауданы Қара-Қаба өзені бассейнінде, облыс орталығындағы Тұрғысын және Үлбі өзендерінің бассейндеріндегі қар қоры нормадан 25-40 пайызға жоғары.
Мамандардың консультативтік болжамына сүйенсек, ақпан айында өңірдің басым бөлігінде ауаның орташа температурасы нормаға жуық шамада болады. Тек солтүстік-батыстағы аудандарда нормадан бір пайызға жоғары болады деп күтіледі. Жауын-шашын мөлшері Күршім, Катонқарағай, Марқакөл аудандарында нормадан көп болмақ. Айдың алғашқы онкүндігінің соңында және екінші онкүндігінің басында циклон ағыны белсенді, сол себепті күн райы да құбылмалы болады. Жауын-шашын біршама үдейді. Сондай-ақ наурыз айында да орташа ауа температурасы нормадан 1-2 градус жоғарылап, жауын-шашын мөлшері артады.