Шығысқа тасқын қаупі төніп тұр ма?
фото: kartin.papik.pro
Шығыс өңірінде қыс мезгілінің басынан бері күн райының бұзылуына байланысты 54 ескерту жарияланды. Көлік жолдары 53 рет жабылған. 14 республикалық, 39 облыстық маңызы бар жолда көлік қозғалысы тоқтады. Жалпы көлік қозғалысы 25 рет шектелген, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Биыл кейбір аудандарда жауын-шашын шамадан тыс мол болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Ринат Кондыбаевтың айтуынша, Катонқарағай (132 мм) мен Риддерде (290 мм) қар қалың. Күршім ауданында қардың қалыңдығы 13 сантимтерден асады, ал Алтай мен Марқакөлде 82-130 сантиметр аралығында.
Марқакөл ауданындағы Қара-Қаба өзені бассейніндегі қар қоры нормадан 11 пайыз жоғары. Таулы аумақтың қалған бөлігінде қар қоры, керісінше, нормадан 10-13 пайыз аз.
Мамандардың айтуынша, өңірде ақпан айында жауын-шашын мөлшері нормаға жуық болады. Облыстың шығыс бөлігінде (Теректі, Катонқарағай, Марқакөл) нормадан асауы мүмкін. Сондай-ақ болжам бойынша наурыз айында орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады. Жауын-шашын үдеп, күн күрт жылынса, ақпан-наурыз айларында су тасқыны болуы мүмкін екенін ескерген жөн.