Алтай ауданының бірқатар ауылдары ұялы байланыспен қамтылды
Фото: ixbt.com
ШҚО-дағы Алтай ауданының бірқатар ауылдары сапалы ұялы байланыспен және интернетпен қамтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алтай ауданының тұрғындары үшін ұялы байланыстың маңызы зор. Ауданның кейбір ауылдарында ұзақ уақыт бойы сапалы мобильді байланыс пен интернет болған жоқ, ал ауыл тұрғындары да қалалықтар сияқты заманауи цифрлық қызметтер мен өнімдерге қол жеткізе алуы керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында «Картелл» компаниясы аудандағы Новокрестьянка ауылында антенна-мачталық құрылғы станциясын орнатты.
Нәтижесінде ауылдың 160 тұрғыны сапалы байланыс пен мобильді интернетті пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізді.
2023 жылдың желтоқсанында «Билайн» компаниясы Крестовка ауылында антенна-мачталық құрылғысын орнатты. 2024 жылдың 25 қаңтарында ұялы байланыс қосылды. Бұл ауылда 145 адам тұрады.
Кремнюха және Алтайка ауылдарында қолжетімді интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген антенна-мачталық құрылғы орнату бойынша жоба іске асырылды (барлығы 18 абонент, жабдықтаушы «Алси Скад» ЖШС).
Жаңа станциялар аталған елді мекен тұрғындарын тұрақты ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз етіп тұр. Енді ауыл тұрғындары банктік аударымдарды жүзеге асырып, интернет арқылы түрлі қызметтерді ала алады.
Айжанат Бақытқызы