Биыл ауыл тұрғындары да 4G жылдамдықты интернетпен қамтылады - Даниал Ахметов
ШҚО әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың тұрғындар алдында онлайн-есеп беру кездесуінде облыс тұрғындары бірқатар мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Тарбағатай ауданына қарасты Қабанбай ауылының тұрғыны Көкебаева Эльвира Серікқызы ауылында мобильді интернет мүлде жоқтың қасы екенін, ал ауыл балалары болса онлайн оқып отырғанын айтып, мәселенің қашан шешімін табатынын сұрады.
- Интернет желісінің сапасын арттыру мақсатында облыста сымды желімен кең жолақты мобильді байланыс тартылып жатыр. Экономика министрлігі осы жылдың соңына дейін кең жолақты мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін 55 ауылды, оның ішінде Тарбағатай ауданына қарасты 10 ауылын иелікке алды. Біз қосымша тағы да 137 ауылды, оның ішінде Тарбағайдың 14 ауылын интернетпен қамтамыз ету бойынша ұсыныстар жібердік. Өткен жылы Қабанбай ауылының мемелекеттік мекемелеріне дейін талшықты-оптикалық желі құрлысы жүзеге асырылды. Биыл ауыл тұрғындары жоғары жылдамдықты 4G жылдамдықты интернетімен қамтамасыз етіледі. Осы жұмыс ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталатын болады, - деді облыс басшысы.
Сонымен қатар өткен жылы ұялы байланыс операторлары 151 елдімекенді жоғары мобильді интернетпен қамтамасыз етті. Тұрақты интернетпен қамтылған 237 ауылдың 28-і Тарбағатай ауданына қарасты екенін айтып өтті.