Жайлы мектеп: ШҚО-да жеті мектеп салынып жатыр
Шартты сурет: kursiv.media
ШҚО-да «Жайлы мектеп» пилоттық Ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың аяғына дейін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен жалпы құны 34,7 млрд теңгені құрайтын 4200 орындық 10 мектеп салынады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Он мектептің бесеуі Өскемен қаласында, үшеуі Глубокое ауданында, Шемонаиха мен Риддер қаласында салынбақ.
Құрылысы басталған жеті мектеп жыл соңына дейін салынып бітуге тиіс.
«Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық Ұлттық жобаны бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 30.11.2022 жылғы № 963 қаулысына сәйкес орта білім беру ұйымдарының жаңа объектілерінің нысаналы құрылысы, тапсырыс берушінің функциялары тапсырылған «Samruk-Kazyna Construction» АҚ арқылы жүзеге асырылады.
Бұл мектептерді салудың мақсаты қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтық факторларын жою, сондай-ақ білім беру ортасының (инфрақұрылымның) жаңа стандарттарын енгізу болып табылады.
Жайлы мектептердің ерекшеліктері - бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды. Бұл қауіпсіздік шараларын арттырады. Әр блокта психолог және логопед кабинеттері, биотехнология, STEM зертханалары, хореография залы, коворкингтер және 600 орындық мектептерде жеке спорт залдары (бастауыш және орта сыныптар үшін) болады.
Жергілікті атқарушы орган мектептерді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді.
Жанаргүл Мұқатай