KZ
Өскемен
+1°
небольшой снег жел 6 м/с, ОБ
491.71 529.97 5.05

Ел тыныштығын сақтауда нәзік жандардың да үлесі зор

Өскемен қалалық ПБ

8.03.2024, 14:30 160 Назерке Каримова

Елдің әскери құрылымдары мен құқық қорғау органдарында қызмет атқаратын азаматшалар аз емес.

Өскемен қаласындағы Полиция басқармасы, Солжағалау, Үлбі және Ертіс полиция бөлімінде барлығы 1200-дей қызметкер болса, соның 311-і нәзік жандар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл арулар ерлермен бірге иық тірестіре қоғамның қауіпсіздігін қамтамсыз етіп, қылмыс пен заңбұзушылықтардың алдын алу міндетін мінсіз атқарып келеді.

Мәселен, сондай бұрымдылардың бірі - Кажыбаева Раушан Советқызы. Ол Үлбі полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция аға инспекторы. Раушан отбасы династиясын жалғастыруды мақсат тұтқан.

- Тарбағатай ауданы, Ақжар аулының тумасымын. 2006 жылы С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды бітірп, заңгер мамандығын алып шықтым, - дейді  Раушан Советқызы. - Еңбек жолымды 2008 жылы Өскемен қ. ПБ Үлбі ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы лауазымынан бастадым.


Осы салада қызмет етіп келе жатқанына биыл 16 жыл болды.

- Осы мамандықты таңдаған себебім - отбасымыздың династиясын жалғастырғым келді, - дейді аға инспектор. - Әкем, нағашы атам, нағашы ағам, жездем ішкі істер органдарында қызмет атқарып, қазіргі уақытта құрметті зейнеттегі жандар. Бала кезде «өскенде кім боласың?» деген сұраққа үнемі «әкем сияқты милиционер боламын» деп жауап береді екенмін. Яғни, бұл бала күнгі арманым.


Раушан Советқызының қызметі әрі қиын, әрі аса жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені оның алдында 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың құқық бұзушылықтар мен қоғамға қарсы өзге де әрекеттер жасауының алдын алу, болдырмау және кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту бойынша өздерінің міндеттерін орындамайтын, сондай-ақ олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін ата-аналарды анықтап, оларды түзу жолға салу міндеті тұр.

- Қазіргі кезде жасөспірімдермен жұмыс жасау өте қиын. Себебі техниканың дамыған, ақпараттар ағыны жылдам заманда олар өте еліктегіш, сенгіш келеді. Көбінесе жасөспірімдер өмірге деген құлшыныстарын тез жоғалтып, тез сынады, - деп тәжірибесімен бөлісті аға инспектор Раушан Советқызы. - Олар жасайтын және оларға қатысты жасалатын қылмыстар полицияны қойып, мемлекет басшысының жіті назарында. Әрбір балаға қатысты жасалған қылмыс үшін басымызбен жауап береміз, күннен-күнге талап күшейіп, жауапкершілік артып келеді.


Раушан Советқызы  ішкі істер органдарында қызмет етудің әйел заты үшін оңай емес екенін де жасырмайды.

- Әйел заты, оның ішінде ана болғандықтан балама көп көңіл бөлінбей қалады, онымен бірге көп уақыт өткізуге мүмкіндік жоқ. Өзгенің баласын тәрбиелеп, оларды түзу жолға саламын деп жүргенде өз балам тыста қалады, - дейді погондағы ана.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив