KZ
Өскемен
+1°
небольшой снег жел 6 м/с, ОБ
491.71 529.97 5.05

Қарлығаш Лутфуллина: «Бала кезден форма киіп, халыққа көмектесуді армандадым»

Өскемен қалалық ПБ

8.03.2024, 15:00 177 Назерке Каримова

Қарлығаш Вадутовна ішкі істер органдарындағы қызмет жолын дәл осы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшеден бастаған.

Бүгінгі таңда полиция подполковнигі,  Өскемен қ. ПБ ақпараттандыру және байланыс бөлімі бастығының орынбасары болып қызмет етеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

- Ұлан ауданы, Бозанбай ауылының тумасымын, - дейді  Қарлығаш Вадутовна. - Екі жоғары білімім бар. Негізінен ата-анам мұғалім болғанымды қалады. Сондықтан С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тәмамдадым. Бірақ өзім іштей мұғалім емес, полицияда адал қызмет атқаруды армандайтынмын. Осылайша бәрібір арманым алдамай, ішкі істер органына жұмысқа кірдім. Қазақ гуманитарлық-заңгерлік университетінде білім алдым.


Ішкі істер органдарында 2010 жылдан бастап қызмет етеді.  2010-2015 жылдар аралығында Үлбі полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, 2015-2016 жылдары Үлбі ПБ штаб аға инспекторы, 2016-2019 жылдары Солжағалау ПБ анықтау бөлімшесінде анықтаушы, кейін аға анықтаушы, 2019-2020 жылдары Солжағалау ПБ штаб инспекторы, 2020 жылы басшылықтың ұсынуымен  Өскемен қ. ПБ ақпараттандыру және байланыс бөлімі бастығының орынбасары болып тағайындалған.

- Еңбек жолымдағы әр қызмет маңызды әрі қызықты. Барлығынан жан-жақты тәжірибе жинап, біліктілігім артты. Соның ішінде, әсіресе, балалармен жұмыс жасаудың жауапкершілігі жоғары. Өйткені балалар дұрыс тәрбиеленсе, болашақта қылмыскерлер де болмайды, - деп бөлісті Қарлығаш Лутфуллина. - Ал  ақпараттандыру және байланыс бөлімінде біз қылмыскерлерді, із-түссіз жоғалған адамдарды, жоғалған, ұрланған мал-мүлік, автокөліктерді, криминалдық қару,  криминалдық құжаттарды, нөмірлеген барлық заттарды, іздестіру бойынша есепке қоямыз. Қала бойынша жасалған қылмыстар бойынша есеп шығарамыз, соған байланысты қызметкерлерді  ақпаратпен қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар, Өскемен қалалық ПБ және оның аумақтық бөлімдерінің компьютерлік техника жағдайларына біздің қызмет жауап береді.


Әр қызметтің қиындығы мен қызығы қатар жүретіні анық. Ал полиция қызметкерлеріне, тіпті кейде, құтқарушылардың да жұмысын жасауға тура келеді.

- 2018 жылы аға анықтаушы болып жұмыс істеп жүргенде көктемде қар ери бастаған уақытта қала сыртындағы Самсоновка ауылындағы үйлерді су басты. Түн ішінде жедел топпен сонда бардық. ТЖД қызметі келгенше әр үйдің есігін қағып, тұрғындарды оятып, көмектестік. Өзіміз де малмандай су болып таң атқанша жүргенбіз, - деп еске алады Қарлығаш Вадутовна.


Нәзік иықтарына артылған жүк ауыр болса да бұл арулар түрлі қиыншылықтарға қайсарлықпен төзіп, антына адал қызмет етіп келеді. Көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз қарсаңында ішкі істер органдарында тер төгіп жүрген барша қыз-келіншектерді құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларында амандық тілейміз!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив