Мұғалімдер Оңалту орталығының озық тәжірибесін үйренді - ШҚО
Өскеменде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығының базасында облыстық семинар өтті.
Семинарда өңір мұғалімдеріне ерекше қажеттілігі бар балалармен қалай жұмыс істеу керектігі көрсетіліп, салаға қатысты мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Білім беру саласы өкілдерінің біліктілігін арттыруға бағытталған жиынға ұзын саны алпыстан астам педагог, психолог, дефектолог, логопед және балалардың дамуын түзетумен жұмыс істейтін басқа да мамандар қатысты.
Оңалту орталығының директоры Сәуле Ахмадиеваның айтуынша, орталық бірнеше жылдан бері ақыл-ой кемістігі бар, дұрыс сөйлей алмайтын, аутизм және басқа да дамуы бұзылған балалармен жұмыс істеп келеді. Мұндағы оңалту, түзету және мектепке дайындық үдерісі әдеттегідей үш ай ғана емес, алты айға, тіпті бір жылға дейін созылады.
Инклюзивті және түзету топтары мен сыныптары бар өзге білім беру ұйымдарымен салыстырғанда бұл орталықтың бір өзгешелігі мұнда мамандар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей жүріп балалардың дамуына байланысты мәселелерді бірден шеше алады. Мәселен, мұғалім кезекті бір сабақта балаларға жаңа геометриялық фигура – шаршыны таныстырады. Дәл осы сәтте логопед те балаларға «Т» әрпін дыбыстауды үйретеді. Бұл кешенді жұмыс өз нәтижесін беруде.
Кейінгі бірнеше жыл ширегінде оңалту орталығының түлектерін медициналық-әлеуметтік сараптама мамандары қатардағы мектептерге, тіпті гимназияларға жіберіп отырған. Бір қызығы балалар жаңа ортаға жылдам бейімделіп, оқуда жақсы нәтиже көрсете бастаған.
Облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышеваның айтуынша, орталықта кәсіби педагогтар командасы жұмыс істейді және олар балаларға түзету көмегін көрсетуде жақсы нәтиже беретін әдістемелік база мен тәсілдерді әзірлеген.
Оңалту орталығының мамандары семинар барысында әріптестеріне өздерінің әдістемелерін көрсетіп, мамандар өзара тәжірибе алмасты.
Қазір аталмыш оңалту орталығы арнайы және инклюзивті білім беру ұйымдарына педагогтардың ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу тәжірибесін тарататын «Құзыреттілік орталығы» болып белгіленді.
Фото: ШҚО білім басқармасы