Дәулет Асанов, эколог: Маралдыдағы цианидтің қоршаған ортаға зияны жоқ (видео)

Цианид қоспасы арқылы алтын өндіруді Қазақстанда ойлап тапқан жоқ, бұл технология өткен ғасырдың ортасынан бері әлемнің көптеген елінде қолданылып келеді. Бұл туралы бүгін Өскеменде өткен табиғат байлығын пайдалану мәселесіне қатысты кездесуде эколог Дәулет Асанов айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кейінгі кезде қоғамда, әсіресе әлеуметтік желіде Маралдыдағы алтын өндіру фабрикасында қолданылатын цианид қоспасының зияны туралы қауесет көп айтылып жүр. Журналистермен болған кездесуде эколог бұл химиялық қоспаға қатысты алып-қашпа әңгіменің нүктесін қойды. Оның айтуынша, Маралды ауылы маңындағы салынып жатқан алтын өндіру фабрикасында қолданылатын цианид қоспасы қоршаған ортаға ешқандай зиян тигізбейді.
Сонымен қатар эколог фабрикада сұйық қалдықтар болмайтынын атап өтті. Ал егер алда-жалда төтенше жағдай бола қалса қолданылған цинаид қоспасы арнайы шұңқырға ағызылады, ол жерде де технологиялық қауіпсіздік қатаң сақталған.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерде ШҚО-дағы жер қойнауын пайдаланушылар мен адамдар арасында дау-дамай туындап, соңы тәртіп бұзушылыққа дейін барған. Мәселенің мән-жайын анықтап, шынайы ақпарат алу үшін жергілікті БАҚ өкілдері арнайы кездесу ұйымдастыру жөнінде бастама көтерген. «Altainews» медиа-орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік органдар, сарапшылар мен журналистер арасында ашық диалог болды.