Марқакөл ұлттық паркке айнала ма?
Соңғы жылдары ШҚО-да ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде туризм саласы басты назарға алынып, экотуризм дами бастады. Осы мақсатта ШҚО делегациясы тәжірибе алмасу мақсатында Алматы облысына барған болатын.
Делегация өкілдері сапар барысында «Марқакөл қорығының» статусын «Марқакөл ұлттық паркіне» өзгерту мәселесін де көтерді, деп хабарлайлы Altainews.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешіміне сәйкес, Шығыс Қазақстан облысында шекаралық Қатонқарағай, Марқакөл аудандары құрылған. Қазір шалғай жатқан жаңа аудандарға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Десе де халықтың үдере көшуі әсіресе Марқакөлде өзекті мәселе болып тұр.
Алматы обылысына жұмыс сапары кезінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев пен Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешов қорықтың статусын өзгерту мәселесін көтерді.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, аталған мәселе қазіргі уақытта қарастырылып жатқан көрінеді. Алайда “ҚР Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы” заңының 14-бабында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мәртебесiн төмендетуге тыйым салынған.
- Біз ең алдымен табиғаттың қорғалуын қамтамасыз етеміз. Заң бойынша шектеулер бар. Яғни, қорықтың статусын өзгертеуге шешім қабылданса, заңға өзгеріс енгізілуге тиіс. Марқакөл қорығының мәселесін ғалымдармен ақылдасып, зерттеу жүргізу керек. Жалпы ауданда қорықтың статусын төмендетпей, туризмді қалай дамытуға болатынын қарастырып, тұжырымдама жасап, бірлесіп жұмыс жүргіземіз, - деді ол.