KZ
Өскемен
-13°
пасмурно Штиль
498.34 519.72 4.85

Марқакөл ұлттық паркке айнала ма?

10.08.2024, 15:42 288 Ләззат Қанатқызы

Соңғы жылдары ШҚО-да ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде туризм саласы басты назарға алынып, экотуризм дами бастады. Осы мақсатта ШҚО делегациясы тәжірибе алмасу мақсатында Алматы облысына барған болатын.

Делегация өкілдері сапар барысында «Марқакөл қорығының» статусын «Марқакөл ұлттық паркіне» өзгерту мәселесін де көтерді, деп хабарлайлы Altainews.kz тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешіміне сәйкес, Шығыс Қазақстан облысында шекаралық Қатонқарағай, Марқакөл аудандары құрылған. Қазір шалғай жатқан жаңа аудандарға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Десе де халықтың үдере көшуі әсіресе Марқакөлде өзекті мәселе болып тұр.

Алматы обылысына жұмыс сапары кезінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев пен Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешов қорықтың статусын өзгерту мәселесін көтерді.

- Негізінен қорықтың статусы жоғары екенін білеміз. Алайда Алматы облысымен тәжірибе алмасу барысында туризмнің дамуына ұлттық парктің ықпалы зор екенін байқадық. Себебі,  қорыққа заң бойынша қойылатын белгілі бір шектеулер бар. Яғни, туристік объектілерді салуға, дамытуға тыйым салынады. Ал Марқакөлді ұлттық паркке айналдырсақ, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету,  қосымша табыс табу және халықтың үдере көшуін тоқтатуға мүмкіндік туады, - деді Рүстембек Нәбиолдаұлы.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, аталған мәселе қазіргі уақытта қарастырылып жатқан көрінеді. Алайда “ҚР Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы” заңының 14-бабында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мәртебесiн төмендетуге тыйым салынған.

- Біз ең алдымен табиғаттың қорғалуын қамтамасыз етеміз. Заң бойынша шектеулер бар. Яғни, қорықтың статусын өзгертеуге шешім қабылданса, заңға өзгеріс енгізілуге тиіс. Марқакөл қорығының мәселесін ғалымдармен ақылдасып, зерттеу жүргізу керек. Жалпы ауданда қорықтың статусын төмендетпей, туризмді қалай дамытуға болатынын қарастырып, тұжырымдама жасап, бірлесіп жұмыс жүргіземіз, - деді ол.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу