AMANZHOLOV UNIVERSITY ғалымы топырақты құнарландыратын биогель жасап жатыр
t.me/gylym_jogary_bilim
Топырақ құнарлылығын арттыру жолын фермерлер ғана емес, қазақстандық ғалымдар да қолға алған.
Amanzholov University-дің ғылыми қызметкері Қыдырмолла Ақатан агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту мақсатында топырақтың ылғалдылығы мен құнарлылығын арттыру үшін целлюлоза негізінде мультикомпозиттік биогидрогель әзірлеуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған байқауында жеңімпаз атанды.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында қолданылатын топырақтың 75%-дан астамы тозуға ұшыраған. Қалған 25%-ы тәуекел аймағында. Мұның бәрі өнімділіктің төмендеуіне және үлкен қаржылық шығындарға әкеледі. Қыдырмолла Ақатанның айтуынша, биогидрогельге тек отандық шикізат пайдаланылғандықтан басқа түрлеріне қарағанда 1,5 есе арзан болады. Тағы бір артықшылығы – пайдаланудың әмбебаптығы. Гель дақылдардың барлық түрлеріне жарамды. Бұл тиімді құралды егіс алдындағы топырақты өңдеу кезінде қолдану қажет.
Қазір жоба бойынша жұмыс зертханалық жағдайда жүзеге асырылуда. Қыдырмолла Ақатан отандық егін саласындағы өнімді 20-25%-ға дейін арттыруға сеп болатын жұмысын сәтті аяқтауға уәде берді. Сондай-ақ гидрогель өндіруді өнеркәсіптік көлемде жоспарлап отыр.