KZ
Өскемен
-9°
переменная облачность жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Катонқарағай мен Зайсан әуежайлары қай жерде салынады?

Фото: depositphotos.com

12.09.2024, 13:02 96 Ержан Әбіш

Президент Жолдауына сәйкес, қазіргі уақытта көлік министрлігі Катонқарағай және Зайсан аудандарында әуежайлар салу мәселесін қарастыруда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Жоба аясында ұзындығы кемінде 2 мың метрлік ұшу-қону жолағын салу көзделіп отыр. Бұл орта кластағы, 80 жолаушыға дейін сыйымдылығы бар Bombardier Q400, Embraer секілді әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Тікелей әуе рейстері Өскемен, Алматы, Астана және басқа да облыс орталықтарына қатынайтын болады, – деді ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Әкрамов.

Жоба «ҚазАэроНавигация» РМК есебінен қаржыландырылады, оған жобалау және техникалық қамтамасыз ету жұмыстары да кіреді. Әуежайлардың құрылысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Жергілікті атқарушы органдар қазірдің өзінде жер учаскелерін беру және сумен, электрмен жабдықтау және байланыс желілеріне қосылу мәселелерін пысықтап жатыр.

Катонқарағай ауданында құрылыс Солдатова ауылына жақын жерде, ал Зайсан ауданында әуежай бұрынғы Сәтбай әскери аэродромында, Зайсан қаласынан 25 шақырым жерде орналасады. Жаңа аумақтардың таңдалуы қауіпсіздік талаптарына байланысты.

Ұшу-қону жолағынан басқа, қажетті инженерлік желілер мен коммуникацияларды қосу арқылы инфрақұрылым салу жоспарланған. Бұл жұмыстардың бір бөлігі жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын болады. Сумен жабдықтау, жылумен және электрмен жабдықтау желілеріне қосылу бойынша техникалық шарттар беру мәселелері де қарастырылуда.

Осылайша, жаңа жоба аймақтың көлік қолжетімділігін арттырып, Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етпек.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу