KZ
Өскемен
+4°
туман жел 2 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Зайсандағы әуежай жаңарады

19.10.2023, 17:00 335 Оразай Жеңісұлы

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Зайсандағы әуежай жөнделеді. Ғимарат жаңартылып, ұшу-қону жолағы ұзартылмақ.

Қазір аудан әкімдігі жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап жатыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Демек, зайсандықтардың заманауи ұшақтармен еліміздің ірі қалаларына сапарлайтын уақыты алда деген сөз.

Жалпы, Зайсан әуежайы 1979 жылы пайдалануға берілген. Ол кезде ұшу-қону жолағының ұзындығы небәрі 1500, ені 35 метр еді. Соның өзі шалғайдағы аудан орталығының мақтанышы болатын. Дегенмен одан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтті, жағдай өзгерді. Қазір сағатына 50 адамды өткізетін әуе айлағына күрделі жөндеу жүргізу керек.

Зайсан әуежайының коменданты Ермек Тұрсыновтың айтуынша, әуежай құрылымы тұрғызылған сәттен бері бірде-бір рет жөнделмеген. Бір сөзбен айтқанда, айлақты тұтас қайта құру қажет.

– Шалғайдағы Зайсан ауданының тұрғындары үшін әуежайдың маңызы зор. Мәселен, жөндеу кезінде немесе қыс мезгілінде көлік жолдары жиі жабылып жатады. Мұндай жағдайда субсидияланатын авиарейстер ғана облыс орталығымен үздіксіз көлік қатынасын ұстап тұруға мүмкіндік береді, – дейді Ермек Тұрсынов.

Қазір Зайсан әуежайының жергілікті тұрғындар жапатармағай пайдаланатын жалғыз рейсі бар – «Өскемен-Зайсан-Өскемен». Бұл әуе қатынасы әлеуметтік маңызды болғандықтан облыс бюджетінен қаржыландырылады. Соның нәтижесінде «Оңтүстік аспан» авиакомпаниясының 48 орындық Ан-24 ұшақтары Зайсан қаласы мен облыс орталығының арасына жыл бойы қатынайды. Статистикаға сүйенсек, әр рейс сайын ұшақ салоны 85-90 пайызға толады. Бір жыл ішінде орташа есеппен 12 мыңға жуық жолаушы тасымалданады.

Енді ұшу-қону жолағын 2100 метрге ұзарту керек. Сонда ғана Fokker 50, Bombardier CRJ-100/CRJ-200, Embraer EMB 120ER сынды ұшақтар Зайсан әуежайынан көтеріледі.

Сөз басында айтқанымыздай, қазір жоба дайындық сатысында. Жоба бойынша әуежайға қосымша тұрақ салынады, жарық сигнал жүйесі орнатылады. Қосымша терминал да салынады. Сонда терминалдан сағатына жүз жолаушы еркін өте алады.

Әуежай ғимараты да жаңарып, жолаушылардың барлық санатына сай болады. Дизайнерлердің заман талабына сай идеялары мен заманауи материалдары ғимараттың қасбетін мүлде өзгертері анық. 

Әуежайды жаңарту жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив