KZ
Өскемен
-1°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
492.22 529.38 5.03

Риддерде ұлттық спорт түрлерін дәріптеген жарыс өтті

15.09.2024, 12:56 918 Нұржан Кенжеұлы

Риддер қаласының басшылығы Астанада мәресіне жеткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары құрметіне ерекше спорттық іс-шара ұйымдастырды. Кеншілер шаһарының іргесіндегі атшабарда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, риддерліктер мен қала қонақтарына тамаша көңіл-күй сыйлады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Атап айтқанда, бұл күні Риддер қаласында ұлттық спортты дәріптеу мақсатында жаппай көкпар, бәйге, сондай-ақ, тазылардың шырға тарту жарыстары ұйымдастырылып, мұндағы бәйгетөбеге жиналған дүйім жұрттың делебесін қоздырды. Алғашқыда жарыс қалалық деңгейде өтуге тиіс болыпты. Алайда, додаға өзге өңірлердің де өкілдері қатысуға ниет білдіргендіктен, жарыстың аясы кеңейіп, маңызы артқан.

Белгілі болғандай, бұл күні Риддер жерін дүбірге бөлеген тойға Шығыс Қазақстанның Катонқарағай, Зайсан, Самар, Күршім, Марқакөл, Ұлан сияқты аудандарынан бөлек, Абай облысынан келген төл спортымыздың жанашырлары қатысты.

Іс-шара құрметіне атшабарға киіз үйлер тігіліп, қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, дәстүрлі ән-күйлермен сусындады.

Жергілікті әкімдіктен хабарлағандай, іс-шараны өткізудегі тағы бір мақсат жергілікті халыққа тазы сияқты қазақы ит тұқымдары мен аңшы құстарды танытып, дәріптеу болатын.

Еске салайық, 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қазақы ит тұқымдарын сақтау, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі ҚР Президенті Іс басқармасының қарауына алынған болатын. Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) Бас комитеті қазақ тазысын (Kazakh Tazy) ресми түрде ит тұқымы деп тану туралы шешім қабылдап, Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген халықаралық мәртебе берілді.

Осыған орай, Риддер қаласының басшылығы тазылар арасындағы шырға тарту жарысын ұйымдастыруға бел буыпты. Тартысты өткен жарысқа 20-ға жуық тазы ит қатысты. Арасында екі дүркін Қазақстан чемпионы Көкқасқа сияқты жүйріктер де бар еді. Дегенмен бұл күні үздік деп ол емес, өзге тазы танылды.

– Бұл іске ден қойғаныма алты жылдың жүзі болды. Бұған табыс көзі емес, хобби ретінде қараймын. Өйткені, тазыны бұрыннан жақсы көремін. Осындай жарыс ұйымдастырып жатқан Риддер қаласының әкімдігіне көп рахмет айтамын, – дейді тазылар арасындағы сайыста жеңіске жеткен Жұлдыз атты жүйріктің иесі Аманбек Дүкенов.

Осы ретте олар Риддердегі жарысқа қатысу үшін сонау Мақаншы өңірінен келгенін айту керек. Жарыс жеңімпазы ретінде Аманбек Дүкенов пен оның тазысы Жұлдызға ұйымдастырушылар атынан 300 мың теңгенің сертификаты берілді.

Ұлттық спорт түрлерін бәйгесіз елестету мүмкін емес. Кеншілер шаһарының атшабарына жиналған жұрттың асыға күткені де сәйгүліктер жарысы болғаны сөзсіз. Бұл күні спорт сүйер қауымның назарына 7,5 шақырымдық топ бәйге бәсекесі ұсынылды. Көптің көңілінен шыққан бұл сайыста

Күршім ауданының тұлпары жеңіске жеткенін айтқан жөн. Ал екінші және үшінші орындардан Самар мен Катонқарағай аудандарының сәйгүліктері көрінді. 

Бұдан кейін ұйымдастырылған жаппай көкпар бәсекесі де тартысқа толы болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жолы барлығы 15 салым тігіліпті. Демеушілер арасында Риддер қаласының әкімдігі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен жергілікті атқамінер азаматтар бар.

– Бүгінгі іс-шараны өткізудегі негізгі мақсатымыз – қаламызда төл спортымыздың жанашыры бар-жоғын анықтау болатын. Риддерде ондай азаматтар бар және аз емес екенін байқап, қуанып қалдық. Тағы бір атап өтерлігі, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, бүгінгі жарысқа Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының аудандарынан бірсыпыра атбегі мен итбегі келіп қалыпты. Бізге қолдау білдірген сол азаматтарға да алғысымыз шексіз. Жалпы, біздің қалада көкпар, бәйге сияқты ұлттық спорттарымызды насихаттайтын іс-шараларды жиірек өткізген маңызды. Бұл өзіміз бен өзге этнос өкілдеріне ұлттық салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен спортымызды дәріптеудің бірден бір құралы. Сондықтан мұндай тойларды алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отырмыз, – деген Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев соңғы рет кеншілер шаһарының атшабарында дәл осындай жарыстар 2001 жылы өткенін де тілге тиек етті. 

Бұл күні жергілікті бәйгетөбе аумағында аңшы құстардың көрмесі де ұйымдастырылып, оған мәртебелі мейман ретінде танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы қатысты.

Фото: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив