KZ
Өскемен
-26°
плотный туман Штиль
523.72 544.09 5.2

Инабат Қайса «Altainews» медиа-орталығының қазақ редакциясын тізгіндеді

17.09.2024, 17:04 683 Айжанат Бақытқызы

Журналистика саласында 15 жылдық еңбек өтілі бар маман Инабат Қайратқызы Қайса «Altai-News» медиа-орталығының қазақ редакциясының бас редакторы болып тағайындалды. Өзінің еңбек жолында ол облыстық газеттен теледидар мен мультимедиялық жобаларға дейін қызмет етіп, түрлі медиа салаларында сарапшы болды. Енді Инабат редакцияның жұмысына жаңа идеялар мен заманауи тәсілдерді енгізуге ниетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.


- Менің жұмысқа кірісуім облыстық «DIDAR» газетінде оқу барысында тәжірибеден өтуден басталды. Бұл мамандық жолындағы алғашқы қадам болды, - дейді Инабат Қайса. - Газетте менің іргетасым қаланды, сол жерде мен жазатын журналист ретінде тұлғалық қалыптасудың барлық кезеңдерінен өттім.


И.Қайса С. Аманжолов атындағы университетті 2010 жылы «Журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оның кәсіби жолы ЖОО-ны бітіргеннен кейін, сол кезде «Шаһар» КМК аясында құрылған жаңа газетте жалғасты. Ол жерде 5 жыл шығармашылық қазанында біте-қайнап, кәсіби қайралды.

Осыдан кейін ол облыстық «Қазақста- Өскемен» телеарнасына көшті, онда да құнды жұмыс тәжірибесіне ие болды. 2013 жылдан бастап ол түрлі телесюжеттерді жасауға белсенді қатысып, түсірілім мен монтаждауды меңгерді. Бұл кезеңде, отбасылық міндеттеріне қарамастан, Инабат өз қызметін балалар тәрбиесімен қатар алып жүрді.


- Бүгінде журналистика жаңа дағдыларды талап етеді. Журналист, әсіресе, ақпарат ағымы ғаламторға көшкен жағдайда мультифункционалды болуы тиіс. Қазір оқиға орнынан ақпаратты тез жеткізу ғана емес, оның дұрыстығын, растығын қамтамасыз ету маңызды, - дейді Инабат Қайса.


Теледидарда жұмыс істеген соң ол Д. Серікбаев атындағы университеттің мультимедиялық студиясының ашылуына атсалысып, тізгінін қолға алып, жергілікті баспасөзді дамытуға белсене қатысты. Оның соңғы жұмыс орны «Ертіс» ӘКК» АҚ-дағы сыртқы коммуникациялар қызметі, онда ол ішкі және сыртқы ақпараттық өзара іс-қимылды бір арнаға келтірді.


Енді «Altai-News» медиа-орталығының қазақ редакциясының бас редакторы бола отырып, Инабат өз жолын жалғастыруға, уақытпен қатар қадам басуға және редакция жұмысына жаңа тәсілдерді енгізуге дайын.
- Біз жаңа дағдыларға үйреніп, бейімделіп, алға жылжитын боламыз, өйткені әмбебаптық - табысқа жетудің кілті, - деп атап өтті Инабат қайса.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу