KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Республика күніне орай 100 спортшы жеңіл атлетикадан жарысқа қатысты

С. Аманжолов атындағы ШҚУ баспасөз қызметінен

23.10.2024, 19:30 93 Назерке Каримова

Жеңіл атлеттер, боксшылар, суға жүзушілер, слаломшылар, волейболшылар және басқа да көптеген спортшы студенттер дәстүрлі шараға қатысып, "Қазақстан" тауын бағындырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті жыл сайын Республика күнінің тарихи маңыздылығын бекіту және еліміздің басты ұлттық мерекесінің маңыздылығын көрсету үшін жеңіл атлетикадан жарыс өткізеді.

- Біздің студенттер 1500 метр биіктікті еңсерді. Шынымды айтсам, бұл қан айналым жүйесіне және аяққа ауыр жүктеме. Алайда спортшылар үшін бұл қиындық тудырмады. Негізгі мақсатымыз - Республика күнін спорттық жарыспен атап өту, - деді жоғары санатты ұлттық төреші Александр Кругликов.




Шыңды бағындыруға “Дене шынықтыру және спорт” білім беру бағдарламасының студенттері қатысты. Спортшылар бар күш-жігерін жұмсап, мәреге жету үшін күресті. Рауль Жолдыбеков 6 минут 37 секундта ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жеңімпаз атанды. Жігіт бес жылдан бері жеңіл атлетикамен айналысады және бұл қашықтық оған қиындық туғызбады.

- Мен жеңіл атлетпін. Бүгінгі жарыс мен үшін оңай өтті. Мен көптеген жарыстарда жеңіске жеттім, бүгінгі жеңісті жаттықтырушыма, университетіме және Қазақстан Республикасына арнаймын, - деді жарыс жеңімпазы.




"Дене шынықтыру және спорт" бағдарламасының төртінші курс студенті Виктория Моисеева 10 жылдан бері ескекті слаломмен айналысады. Бүгін ол қыздар арасында бірінші болып мәреге жетті.

- Ауа райы қолайсыз, желді және салқын болды. Дегенмен, бұл менің жеңіске жетуіме кедергі болмады. Спорт менің мінезімді нығайтты. Бүгінгі шара мен үшін үлкен қуаныш. Барлық студенттерді, Өскемен тұрғындарын және Қазақстан халқын мерекемен құттықтаймын, - деді ол.




Студенттер жарқын әсерге бөленіп, Республика үшін кез келген шыңды бағындыруға дайын екендерін тағы да дәлелдеді. Жарыс соңында жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, спортшылар мемлекеттік әнұранды орындады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу