2025 жыл қорытындысы: Шығыс Қазақстан экологиясы – жауапкершілік пен жүйелі саясат жылы
2025 жыл Шығыс Қазақстан облысы үшін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде сапалы бетбұрыс жасаған кезең ретінде есте қалды. Өңірде қоршаған ортаны қорғау мәселелері енді жекелеген акциялар мен уақытша бастамалар деңгейінде емес, ұзақмерзімді әрі жүйелі мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтауға бағытталған бұл қадамдар өндірістік өңірдің экологиялық тұрақтылығын нығайтып, халық денсаулығын қорғауға нақты негіз қалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыста экологиялық жағдайды жақсарту үшін бақылау, талдау және жедел әрекет ету тетіктері кешенді түрде күшейтілді. Әсіресе, өндірістік жүктемесі жоғары қалаларда қоршаған орта сапасын үздіксіз бақылауға ерекше мән беріліп отыр.
Ауаны бақылаудың жаңа деңгейі
2025 жылы Өскемен қаласында 25 стационарлық ауа мониторинг бекеті іске қосылды. Бұл – Шығыс Қазақстан облысындағы ең ауқымды әрі заманауи экологиялық бақылау желісі. Бекеттер тәулік бойы атмосфералық ауаның жай-күйін бақылап, зиянды заттардың деңгейін үздіксіз тіркейді. Жиналған деректер экологиялық жағдайды нақты бағалауға және алдын алу шараларын уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Мобильді экозертхана – жедел әрекет етудің сенімді құралы
Өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттыру мақсатында құны 65,5 миллион теңгені құрайтын заманауи мобильді экологиялық зертхана пайдалануға берілді. Halyk Bank қолдауымен табысталған бұл жылжымалы зертхана ауа сапасын нақты уақыт режимінде өлшеп, экологиялық жағдайға жедел әрі дәл баға беруге жол ашады.
Мобильді зертхананың басты артықшылығы – ластану көздеріне жедел жетіп, нақты дерек жинау мүмкіндігі. Шекті рұқсат етілген мөлшерден асу жағдайы тіркелген сәтте мамандар сол аумаққа дереу шығып, ахуалды нақтылап, тиісті шаралар қабылдайды.
Қандай заттар бақылауда?
Зертхана Өскеменге тән экологиялық тәуекелі жоғары негізгі компоненттерді анықтауға бағытталған. Атап айтқанда, атмосферадағы күкірт диоксиді (SO₂), азот оксидтері (NOₓ), көміртек тотығы (CO), күкіртсутек (H₂S), аммиак және өзге де газдардың деңгейі тұрақты түрде бақылауда болады. Бұл – өндірістік қала үшін аса маңызды көрсеткіштер.
Ең бастысы, жиналған ақпарат тек мемлекеттік органдар үшін ғана емес, тұрғындар үшін де ашық. Ашықтық қағидаты экологиялық мониторинг саласында қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, тұрғындардың өз денсаулығына бейжай қарамауына ықпал етуде.
Өскемен үшін бұл неге маңызды?
Өскемен – 60-тан астам ірі өнеркәсіптік кәсіпорын шоғырланған қала. Сонымен қатар ойпатта орналасуы желсіз күндері ластаушы заттардың ауада ұзақ уақыт сақталуына әкеледі. Мұндай жағдайда тиімді мониторинг пен жедел әрекет ету жүйесі тұрғындардың өмір сапасы мен денсаулығын қорғауда шешуші рөл атқарады.
2025 жылы атқарылған жұмыстар Шығыс Қазақстанда экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты, жүйелі әрі нәтижелі қадамдар жасалып жатқанын айқын көрсетті. Табиғатты қорғау – уақытша науқан емес, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік екенін түсінген өңір алдағы жылдары да экология саласындағы жұмыстарды күшейте түспек.
Фото: Мәди Ахметов




