Цифрлы серпін: Шығыс Қазақстанның жаңа байланыс кеңістігі
2025 жыл Шығыс Қазақстан облысы үшін цифрландыру саласында бетбұрыс кезеңге айналды. Елді мекендер арасындағы ақпараттық алшақтықты азайтуға бағытталған нақты қадамдар жасалып, бұрын байланыс мүлде қолжетімсіз болған таулы, шалғай әрі халқы сирек ауылдарға жоғары жылдамдықты интернет жеткізілді. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асқан бұл жұмыстар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттырып, цифрлық мүмкіндіктерге жол ашты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде облыстағы 357 елді мекеннің 246-сы интернетпен қамтылған. Бұл – өңір халқының 97,2 пайызы, яғни, 707 мыңға жуық тұрғын заманауи байланыс игілігін пайдаланып отыр деген сөз. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 99 пайызға жеткізу көзделіп отыр, ал бұл – цифрлық теңсіздікті жою жолындағы маңызды межелердің бірі.
Ауыл мен қала арасындағы алшақтық азаюда
Интернетке қосылған ауылдар саны жыл сайын тұрақты түрде артып келеді. Егер 2022 жылы небәрі 17 ауыл желіге қосылса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 20-ға жетті. Ал 2024 жылы 45 ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізсе, 2025 жылдың қараша айына дейін тағы 28 елді мекен байланыс желісіне қосылды. Бұл – жүйелі саясат пен жоспарлы жұмыстың нақты нәтижесі.
Өңірде интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету ең алдымен шалғай және таулы аймақтардан басталды. Катонқарағай, Күршім және Марқакөл аудандарындағы биік таулар мен күрделі географиялық жағдайға қарамастан, қалған 61 елді мекенді интернетпен қамту 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Спутниктік интернет – шалғай ауылдардың тірегі
Кабельдік желі тарту мүмкін емес елді мекендерде спутниктік интернет негізгі шешімге айналды. 2025 жылы облыс аумағында 30 OneWeb терминалы орнатылып, пайдалануға берілді. Бұл жоба салалық министрлік, облыс әкімдігі және байланыс операторларының бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесінде іске асты.
OneWeb технологиясының мүмкіндіктері ауыл тұрғындары үшін жаңа деңгейдегі қолжетімділікті қамтамасыз етті. Интернет жылдамдығы секундына 50 Мбитке дейін жетіп, 100 метр радиуста тегін қоғамдық Wi-Fi пайдалануға мүмкіндік туды. Географиялық тұрғыдан қолжетімсіз ауылдар үшін бұл – тиімді әрі заманауи шешім.
Нәтижесінде Алтай, Зайсан, Күршім, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай, Самар, Ұлан және Шемонаиха аудандарындағы 30-дан астам шалғай ауыл толыққанды байланыспен қамтылды. Марқакөл ауданындағы ең шеткі ауылдардың бірінде 17 отбасының 13-і Starlink спутниктік интернет жүйесіне қосылып, қалған үйлерге тегін Wi-Fi нүктелері орнатылды. Бұл қадам ауыл тұрғындарының интернетке тең дәрежеде қол жеткізуіне жол ашты.
Қала мен жол бойындағы байланыс күшейтілуде
2023–2024 жылдары облыс аумағында 14 антенна-мачталық құрылыс салынды. Бұл нысандар 16 елді мекенді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта оларды қосу және тіркеу жұмыстары жүргізілуде.
Өскемен қаласында да заманауи байланыс инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Қазір қалада 36 5G базалық станциясы жұмыс істеп тұр, ал 2025 жылдың соңына дейін олардың саны 62-ге дейін артты. Сонымен қатар, оптикалық талшықты байланыс желісін тарту жұмыстары да белсенді түрде жалғасуда.
Алдағы кезеңде республикалық және туристік маңызы бар автожолдар бойында 22 антенна-мачталық құрылыс орнатылып, жол бойындағы байланыс сапасы жақсарады. Бұдан бөлек, 186 әлеуметтік нысан – мектептер, медициналық мекемелер мен мәдениет үйлері жоғары жылдамдықты интернетке қосылады.
2025 жылы атқарылған жұмыстар Шығыс Қазақстанда цифрлық теңсіздікті азайтуға бағытталған саясаттың жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асып жатқанын көрсетті. Айта кету керек, бұл жобалар өңірді цифрландыру жолында іске асырылған ірі бастамалардың бір бөлігі ғана. Алдағы жылдары байланыс инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасын тауып, Шығыс Қазақстан толық цифрлық кеңістікке қадам баспақ.
Жайна Сыранова
Фото: Мәди Ахметов






