Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығы – жаңғыру мен ғылыми дамудың жылы
2025 жыл Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласы үшін жаңа мүмкіндіктер мен тың серпін әкелген маңызды кезең ретінде тарих бетінде қалмақ. Өңір агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ірі инвестицияларға, технологиялық жаңғыруға және ғылымға негізделген тұрақты даму бағытына бет бұрды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биыл Шығыс Қазақстанда Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының көпфункционалды ауыл шаруашылығы зертханасы ашылып, саланың ғылыми әлеуетін арттыруға жол ашты. Аталған зертхана ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін кешенді түрде зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірде өндірілетін өнімдердің халықаралық стандарттарға толық сәйкес келуін қамтамасыз етіп, отандық тауарлардың экспорттық әлеуетін едәуір күшейтті.
Өндірістегі жаңа белес
Агроөнеркәсіп саласындағы ірі өндірістік жобалардың бірі Өскемен қаласында жүзеге асырылды. Мұнда «Altai Mai» заманауи май экстракциялайтын зауыты іске қосылып, толық өндірістік циклды қамтитын қуатты кәсіпорын ретінде жұмысын бастады. Зауыт жылына 169 мың тоннаға дейін майлы дақылдарды өңдеуге қауқарлы. Нәтижесінде ішкі нарық тазартылған күнбағыс майымен тұрақты қамтамасыз етіліп қана қоймай, экспорттық жеткізілімдер көлемін ұлғайтуға нақты мүмкіндік туды.
Ауылдағы тұрақтылық – ел дамуының негізі
Агроөнеркәсіп кешеніндегі тағы бір маңызды жоба Алтай ауданында жүзеге асты. Полянское ауылында 1 075 бас ірі қара малға арналған заманауи сүт-тауарлы фермасы пайдалануға берілді. Толық қуатына шыққан жағдайда ферма жылына 6 мың тонна сүт өндіріп, алдағы уақытта өндіріс көлемін 10 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл нысанда 82 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отыр.
2025 жыл Шығыс Қазақстан үшін сапаға, ғылымға және тұрақты дамуға негізделген агроөнеркәсіптің жаңа кезеңін айқындады. Айта кету керек, аталған жобалар өңірде жүзеге асырылған ауқымды бастамалардың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жалғасып, өңірдің аграрлық әлеуеті одан әрі нығая түспек.






